ӨКПЕК ЖОЛАУШЫ

бастаған  Зейнеп ентіге сөйлеп. — Әлгі «кулак» сияқты мен де сіз сұраған шайды беріп қақитқан екенмін ғой. Ойбай, ұят-ай!.. Ас үй жақтан қайнап жатқан еттің тәбет қоздырған хош иісі келді.

  •  Оның несі ұят, — деді Айтөре иығын қозғап. — Мен бөтен адаммын. Қайта, шай бергеніңізге рахмет. Басқа біреу болса, үйіне кіргізбес те еді.
  •  Айтпақшы, әлгі біздің бала телефон соқпады-ау! Телефонның шырылдағанын әңгімемен отырып байқамай қалған жоқпыз ба?
  •  Жоқ, шырылдамаған сияқты.

Осы кезде есік қоңырауы баж ете қалды.

  •  Астапыралла! — деді Зейнеп шошып кетіп. — Осы үйдің телефоны да, есігі де адамды кекеш қылатын бір бәлелер. — Ол орнынан тұра берді де, жағдайға енді ғана көз жіберіп. — Ойбай-ау, енді қайтеміз? — деді үрейлі дауыспен. — Балалардың біреуі болды ғой.

Айтөре «өзің бір амалын таппасаң, менен қайран жоқ» дегендей мойнын ішіне тартып, Зейнепке аңтарыла қарады.

  •  Япырым-ай, өзіміз де тым бейғам отыр екенбіз. Бағана қызу боп ұйықтап жатыр деп еді… Ашу үстінде бірдеңе деп… Келін екеуі келген болса, таза масқара болды-ау, олар түсінеді дейсің бе?

Есік қоңырауы тағы қағылды.

  •  Қазір, — деп дауыстады Зейнеп қолы босамай жатқан адамдай, — қазір ашамын! — Сонан соң аяғының ұшымен басып барып, Айтөренің плащы мен шляпасын әкелді. — Келіңіз, — деді, — тез! Қазір кірген адам боп тұра қалыңыз.
  •  Сонда… мен кім болам?

Кім болсаңыз екен? Сантехник? Жоқ, оған ұқсамайсыз, саймандарыңыз да жоқ. Үй басқармасынан? Бірақ олар түн ішінде неғып жүреді? О, таптым, үгітші!

  •  Нені үтіттейді?
  •  Білмеймін, әйтеуір бірдеңені бірдеңеге үгіттерсіз.
  •  Қазір сайлаудың да кезі емес…
  •  Қап, солай екен ғой… Онда… адасып жүрген біреу боласыз.

Қоңырау, үстін-үстін тағы қағылды. — Болды, басқа уақыт жоқ! Бейтаныс адамдай жан-жағыңызға қарап, состиып тұрыңыз. Зейнеп есік ашуға кетті. Айтөре екі қолын артына ұстап, жан-жағына қарап, қақиып қатып қалған. Үй иесі әлдеқалай бір ер адаммен дәлізде күңгір-күңгір сөйлесіп тұр. Абырой болғанда, олардың сөзі көпке созылмай бір минуттан соң сыртқы есік тарс жабылып, ілгіштердің сатырлағаны естілді. Артынша Зейнеп кіріп келді.