Келсе келген шығар, бәйбішеңіз күтіп ала береді ғой,— деп Зейнеп те самарқау үн қатты. Осыдан соң екеуі көпке дейін үнсіз қалды. Орынсыздау қойылған сұрақ, керексіз айтылған әңгіме ұйып келе жатқан көңілдерге қаяу түсіріп кеткен секілді. Соны іштей түсінгендіктен бе, Айтөре бұл ыңғайсыз сәтті ұзарта берсе, ушығып кетерін сезіп,–Құданың құдіреті, бұрын қонақ келсе, қуанатын едік, — деді дауысын көтере сөйлеп. — Сіздер ше?
- Бұрын ғана емес, қазір де қуанамыз. Өмірі көрмеген сізге ренжіп отырған жоқпыз ғой.
Айтөре Зейнептің үнінен жарасымды наз бен нәзік реніш табын аңғарды. «Шынында, менің әлгі сөзім не сөз? — деді ол іштей өзін-өзі кінәлап. — Танымайтын қайдағы бір қайбана қазаққа барып құшақ жайып құрақ ұшып отырғаны қуану емес пе?» Айтөре елден кеткен талай заманнан бері қонақ келсе қуанатын қазақы мінез жамау шапандай ескіріп, бірте-бірте ұмыт болған шығар деп ойлап еді. Қалада отырса да Зейнептің бар болмысынан баяғы бала кезде әр үйден табылатын жылылық пен мейірбандықты, пенде атаулыны жатсынуды білмейтін, есігінің алдына қырық қадам жақындаса болды, «кімсің, қайдансың?» деп сұрамай үйіне жетелейтін, балаларының аузынан соңғы асын жырып алып, қонағының алдына тосатын адал да ақ көңілді көрді. Егер біреу-міреу үйіне бас сұққан адамға байқаусызда «неге келдің?» дей қалса, бүкіл ауылға дөкір мінезділігімен аты жайылушы еді. «Неге келдің?» деп сұрау көргенсіздіктің белгісі деп саналар еді. Қазір ешкімді ешкім күтпейді, үйге келген адамға қуанбайды. «Амандықтарыңды білейін деп келдім» деп әлдеқалай біреу келе қалса, оған нақұрыс көргендей қарайтын болдық. Әлі есінде, дәл күні кешегідей есінде. Айтөре ол кезде он үш-он төрттегі бала болатын. Үйде анасы төсек тартып жатқан еді, екі ағасының екеуі де колхоздың малын алыс бір қалаға айдап кеткен, ең тез дегенде бір жеті соғатын қатқақты қара күз еді. Бұлар бірнеше күн бойы талай түнді екеуден-екеу өткізді. Далада ұли соққан жел бұтақ қамыстарды ызыңдатып, жаныңды тырмалап жатқан секілді. Түн болса екеуі де тың тыңдап, әрбір дыбысқа селт ете түседі. «Біреу келді ме, әлдене дүңк етті ғой», «ауыз үйдегі шелектің бауы сарт еткен секілді ме?» «ит неге үрді?» деп анасы қайта-қайта сұрақ қоюмен болады. Әшейінде топырлап келіп жататын көп адамның, бір де бірі бұлардың үйінің маңынан жүрмей қойды. Адамдар, әсте, бір-біріне қиын-қыстау кезде бауырмал болатын болса керек, сол кезде олар, әйтеуір бір адамның, кім болса ол болсын, табалдырық аттағанын ауызашардай сарыла күтті. Айтөре далаға шығады. Жаныңды тырналаған жел ызыңынан өзге ештеңе естілмейді, тура есік алдынан басталатын адырлы даладан өзге ештеңе көрінбейді. Сонан соң ол жаман
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59