ұшқаным қалай? Оны бұл қалай түсінеді? Жасы келгеніне қарамай жеңілтек мінезді кемпір екен деп жүрсе қайтем? Және мұның жақсы адам екенін мен қайдан біле қойдым? Ал солай-ақ болсын, бұл кісі жақсы кісі-ақ болсын, сонда көрінген жақсыны үйге сүйреп кіргізе беру керек пе? Бұл да қызық адам екен! Кел дегенге келе салып осында қайта көшіп келгендей қаннен-қаперсіз отыр. Қалай болғанда да менің мұным ұят болды. Енді не істеу керек, алдындағы шайын жинап алып үйден қуып шығу керек пе? — деді іштегі бір ойы қарсыласып. — «Кел» дедің, келді. Жаңа ол аэропортқа кетіп қалғанда өзіңнен-өзің оның отырған-тұрғанын көз алдыңа елестетіп, жаның құлазып масқара болмап пе ең? Ұят-ай десеңші, сөйттім-ау! Енді келіп оны кінәлайсың. Шет жақта жүрген соң адам өз елін сағынып, адамдармен шүйіркелесіп сөйлескенді аңсайтын шығар. Қазақтың жаны –жерінде, олар шетте жүріп тапқан сұлтандықты өз елінің ұлтандығына айырбастай салады емес пе? Сонан соң ғой олар «ер туған жеріне, ит тойған жеріне», «жат жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалды жастайынан жаттап өседі. Бәлкім, жасы келген соң бұл да елін аңсап, тілін аңсап жүрген шығар? «Үйден қырық қадам ұзаса, жігіт мүсәпір» дейді ғой. Бұл қырық қадам емес, қанша мың шақырым екенін бір құдайым білсін. «Бір күнге қоян терісі де шыдайды» деген ғой, үйіме кіріп, төріме жайғасқан соң шыдайын. Ол баса-көктеп кірген жоқ, шақырған соң, жылы шырай танытқан соң келді емес пе?» «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дегендей, Зейнеп те үнсіз қалған аз уақыттың ішінде өзімен-езі дауласып, өзін-өзі кінәлап, белгісіз бір кінә мен айыптың салмағынан құтылғандай сезінді. Манадан бері мұның басында өтіп жатқан ерсілі-қарсылы өзгерістерді ойымен оқып, енді оның немен бітерін ғана күтіп отырған адамдай Зейнеп бір тоқтамға келе бергенде Айтөре де қайта сөз бастады. — Елден жырақ жүрген адам уайымшыл болады екен,— дейді ол бояусыз шараптан ұрттап қойып. — Бәлкім, қарны тойған жерді туған жерім деп алаңсыз жүре беретіндер көп те шығар, бірақ қанша ұмытуға тырыссам да мен өйте алмадым. Келейін десем, келтірмесім келтірмейді, ойламайын десем, сананың түбінен сағыныш деген бар болғыр сәт сайын бас көтеріп, мазамды алып бітті. Мына жақта — ол қала жаққа қолын сілтеп қойды —ағайын-туыс, жора-жолдастар көп. Көп болатын. Бұдан отыз жыл бұрын. Қазір білмеймін. Көрісе қалсам, бәлкім, шұрқырасып табысармыз. Бірақ мен өзім өгейсіп қаппын. Ешкіммен жолыққым да, хабарласқым да келмейді. Адамға өзінің үйренген, өмірді қуанып бастаған жері осыншалықты жат боп кетеді деп басқа біреуден естісем, шынымды айтайын, сенбеген болар едім. Айтөренің «состиып тұруды» үйрену кезіндегі аса
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59