да ештеме шықпады. Әйелім мен қызымның сол кездегі қасірет шеккен түрін көру дүниенің ең азабы еді. Қан тиген пиджакты қолына алып, екеуі екі жақтан жылағанда, екі қолымды төбеме қойып лағып кеткім келді. Не күлкі, не ұйқы жоқ. Кешке жақын мынау үй — ол екі қолын жайып, өзі отырған үйдің екі қабырғасын нұсқады, — үй емес, қараңғы қапасқа айналды.
- Құдай сақтай гөр! — деді маналы бері, әрең демалып үнсіз отырған Зейнеп үйге үрейлене қарап. — Сонымен? Таптыңыздар ма?
- Иә. Бір жылдан соң!..
- Астапыралла!.. Қайдан?
- Көшені қазып жатқанда сүйегі асфальттың астынан табылды. Шалбарының жамбас қалтасындағы куәлігі тап-таза сақталыпты. Онда да денесі түгел емес, белден жоғары жағы жоқ боп шықты.
- Не дейді, құдай-ау! — Зейнеп мынадай сұмдықты көрмейін дегендей екі қолымен бетін басып шыңғырып жіберді. — Болды, болды! Керегі жоқ, ары қарай айтпай-ақ қойыңыз!.. Неткен сұмдық! Неткен жауыздық!..
Өзі айтқан әңгіме көкірегіндегі шемен боп қатқан қасіретін жібітіп жіберді ме, Айтөре де көпке дейін толқып, боп-боз боп отырып қалды. Шай да, шарап та, бағана кірген кездегі әдемі бір көңілді сәт те енді қайтып оралмастай ұмытылып алыстап кеткен секілді. Зейнеп орындық басында ілулі тұрған орамалмен көзін сүртті. Көзін сүртіп болып Айтөреге қарап еді, ескі қайғы буырқанып бойды буғанмен қайтуы тез бола ма, жүзінде әлгіндей емес, тіршілік белгісі пайда болыпты. Ол қалтасынан орамалын алып, көзілдірігін мұқият сүртіп шықты. Сонан соң суыған шайдан бір ұрттап кесені орнына қойды. — Кесеңізді беріңіз, ыстық шай құяйын, — деді Зейнеп болар-болмас қана күбірлеп. Айтөре оның сөзін естімеген адамдай бейтарап күйде отыра берді. Үй ішінде өлі тыныштық орнады. Бұл тыныштық бірте-бірте ауыр тартып, Зейнепті иығынан төмен баса берді. Осыдан бірнеше сағат қана бұрын мүлдем бейтаныс адамның алдында мына, тыныштық тұтқынынан жол таба алмаған шарасыздығы үшін өзін кінәлі санап, сол мойындаудың әсерінен Зейнеп бұдан әрі не істерін білмей іштей қатты қиналды. Қинала отырып, мына шала таныс адамның өзгемен, қарсы алдында отырған әйелмен мүлдем ісі болмай кеткеніне, ауыр әңгімені айтуын айтып алып, сол әңгіменің әсерінен үнсіз қалған байғұс әйелге көңіл жұбатарлық тағы бірдеңе айтуға талпынар ниет танытпағанына да ызаланды. «Сонда біреудің қайғысын мен ғана түсінуім керек те, өзгелердің менімен ісі болмауы керек қой? Мен ғана құрақ ұшып, мен ғана бәйек боп біреу үшін түнгі көбелектей жалпылдап отқа түсе беруім керек! Өмір бақи осылай келе жатқан
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59