жоқ па? Өмір бойы! Осы жасқа келгенше ол өзін ойлап па екен?» Кішкентайынан ауру шешесін бақты. Ол ұзақ ауырды, он жыл бойы төсек тартып жатты. Одан қала берсе өзінен кіші інілері мен сіңлілері тағы бар, оларға да қамқорлық керек. Соларды жетілдірем деп жүргенде ол өз басы туралы, өмірдің өзге де қызықтары жайлы ойлады ма? Жоқ. Оған уақыт та болмады. Бұл байғұс осылай от пен суға түсіп шырылдап жүргенде «саған обал болды-ау, бір сәт өзіңді де ойласаңшы» деп ешкім айтпапты. Тіпті, түсінеді, мейірбан деп сенген адамдардың өзі де бұл жөнінде тіс жармапты. Сол жармаған бойы кетті. Олардың бәрі оң-солын танып, бір-бір азамат болғанда: «Біз үшін көбелектей шарқ ұрып, жастық шағыңды құрбан етіп едің» деп солардың бір де біреуі айтпады. Солай болу керек, солай болуға жаралған! Тұрмысқа шыққан соң, анасы өз қолында қайтыс болды. Сол ғана, жалғыз сол ғана мұның қадірін түсінді. Өлер алдында: — Бәріміз сен үшін туған сор болдық, — деді ол көз жасын көлкілдетіп жатып. — Қауынның түбіне біткен сұңғыладай сенің барлық шырыныңды сорып алып, көктей солдыра жаздадық. Не ары, не бері болмай мен де төсек шірітіп жатып алды… Ақ сүтімді ақтадың, жаным. Қайтесің, маңдайыңа жазылғаны сол шығар, қайырымдылық деген де екінің біріне емес, бір атадан таңдап жүріп біреуіне қонады дейді ғой. Сол қайырымдылық қонған адам туған-туысқандары үшін өмір бақи от пен суға түсіп өтетін көрінеді. Құдай о баста оны солай жаратады дейді. Сен де сол, қайырымдылық қонған қыздың бірі шығарсың. Қапаланба. Жақсылық ешқашан жақсылық боп қайта бермейді, ақырын Алладан ғана күтесің… Анасының осы айтқан сөзі айна қатесіз орындалып келе жатыр. Жасаған жақсылығы ешқашан жақсылық боп шықпай-ақ келеді. Енді, марқұм анасы айтқандай, бәрінің ақырын Алладан күтетін шығар, егер о кісі де ұмытып кетпесе… Міне, дәл қазір де мына бейтаныс адамның алдында ол өзін әлденеге кінәлі сезініп отыр. — Құдай-ау, сонда не үшін? — деді әлден соң Зейнеп тыныштықты ақыры бірінші бұзып. Айтөре тұңғиық ой құшағынан селт етіп босанып, сұрақтың мән-жайын анықтап біліп алғысы келген адамдай, кезерген еріндерін күбірлетіп, сәл ғана отырды да: — Оған бір жағынан мен де кінәлімін, — деді күрсініп. — Баяғыда, бір баланы суға лақтырғаны үшін сотталып, сол үшін мені қызмет бабында көп әуреледі ғой. Анда сүйреді, мында сүйреді, партиялық қатаң сөгіс берді, қызметтен төмендетті. Ісімді сотқа бермек болды. Бұл оқиға балама қатты батты. Байқамай жасаған бір қылығы өзіне де, маған да оңай тимегені,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59