ӨКПЕК ЖОЛАУШЫ

   Міне, солай! Айтөре өзі айтқан әңгіменің ауыртпалығынан өзі шаршап, сәл демалып алғысы келгендей ауыр бір күрсінді де үнсіз қалды. Артынша сөзін қайта бастады.

  •  Баламның өліміне солардың себеп болғаны анық, — деді ол енді жайбарақат сөйлеп. — Бірақ тағы да қолыңмен ұстап алмаған соң кімді кінәлайсың. Оның кеуде жағы сол бойы табылмады.
  •  Ал жұмысшылар ше? Жолды асфальттағандар? Солардан сұрамадыңыздар ма?
  • Арада көп уақыт өтіп кетті ғой. Дәл сол кезде бұл араны кімдер асфальттағанын табу қиын болды. Дегенмен, ұзақ әурешіліктен соң, бір-екі жұмысшының аты белгілі боп еді, сұрастыра келе олардың да әлдеқашан қайтыс боп кеткені анықталды. Сөйтіп, жіптің ұшы жоғалды.

Біз бұл қалада тұра алмадық. Көз көрмес, құлақ естімес жаққа көшіп кетуден басқа амал қалмады. Соғыста бір майданда болған якут жолдасым Якутскіде үлкен қызметте еді, соған болған жағдайды айтып, бұл жерден кеткім келетінін сездіріп едім, ол бұл ұсынысымды қуана қарсы алды. Сөйтіп жер түбінде тұрып жатқан жайымыз бар.

  •  Әйеліңіз, бала-шағаларыңыз біргесіздер ғой?
  •  Әйелім былтыр қайтыс болды. Баласының сүйегі жол астынан табылғанда есеңгіреп қалған. Ауық-ауық өзімен-өзі сөйлесіп, баласының денесін іздеп көшеге шығып кете беретінді шығарды. Мен өзге жұмысты қойып, соны аңдумен, қайда кеткенін іздеумен уақыт өткізетін болдым. Ақыры содан қайтыс болды. Якутияның алапат боранында, полярлық түн кезінде баласының кеудесін іздеп үйден шығып кетіпті. Содан қайтпады. Жерлей де алмадық. Денесі табылмады. Сөйтіп, мына жер бетінен мола да бұйырмады. Осында көшеміз деп қопаңдай бастағаннан-ақ қайғысына қайғы жамылып, қабағы бір ашылмай қойды байғұстың. «Туған жерден топырақ бұйырмайтын болса, жат жердің тоңына тоңып қайтейін» дейтін ылғи да. Оның бұл сөзіне ешқайсымыз мән берген жоқ едік.

Міне, ақыры осылай боп шықты… Айтөре әңгімесін бітіріп, диванға шалқалаған кезде Зейнеп те иегінен қолын алып, үйреншікті машықпен шай құймақ боп қозғала беріп еді, манадан бері көз көбесінде көлкілдеп тұрған жып-жылы жас клеенкаға тырс-тырс тамғанын өзі де байқамай қалды. — Қу тіршілік, — деді ол дүниенің опасыздығын енді ғана танып тұрған адамдай қыстыға сөйлеп. — Бүгін бар, ертең жоқ. Мәңгі жасайтындай алысасың. Жұлысасың, тартысасың, қуанасың, күлесің, ұрсысасың, енді бір ұмтылсаң, ұшпаққа жетіп қалатындай, торғайдай шырылдап от пен суға түсесің. Сөйтсең де… Әні, із-түзсіз ғайып боласың. Енді бір он-он шақты жылда сені білетін, сені көрген он шақты адам да өте шығады. Сонан соң қалдың… Молаң да қараусыз қалады. Ол кімге

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59