татпай аш жүрген кездерін ойлап, ішкі дүниесінің қайдағы бір түкпірінен көз жасының тағы бір бұлағы бүлкілдеп келе жатты. Зейнеп өзін-өзі алдандырып, кеседегі әлдеқашан суып қалған шайын басқа ыдысқа тез төңкере салды да, тез-тез ыстық шай құя бастады. Электр самаурындағы шай да әлдеқашан томыртқалаған судай жылымшы тартып қапты. — Әке-шеше, бала-шаға деп жүріп-ақ өмірінің өтіп кеткенін білмейді екен ғой, — деді Зейнеп кенеттен өзі жаңа әңгіме бастап. — Солар дей-дей өзіңе қарауға да мұршаң келмейді екен. Торғайдай шырылдап жүріп жетілдіресің. Олар өседі. Өседі де, жан-жаққа пыр-пыр етіп ұшады да кете барады. Әсіресе, ер бала. Міне, бәрі өсті. Кетті ғой жан-жаққа. «Бізді де әке-шеше тапты-ау, олардың ет жүрегі езіліп бізден хабар күтеді-ау» дейтін бірі жоқ… Өлмесең өмірем қап… өле қалсаң топырақ салуға келсе келер, келмесе қояр. Тек… қыз бала екен ғой, шырылдайтын. — Ол ескі танысына сыр ақтарып отырғандай әңгімесін еркін айта бастады. — Анам марқұм айтып отыратын: «Түптеп келгенде анаға жаны ашитын қыз бала болады екен» деп. Білмеймін, сіздерде мұндай әңгіме бар ма, жоқ па… О дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір барлық адамның күнәсі мен сауабын таразыға сап тартады екен дейді. Басы жұмыр пенде емес пе, адам атаулының күнәсі көптеу болатын көрінеді. Әке-шеше байғұс жан-жағына жалтақтап қол ұшын берер пенде іздейді екен. Оған кім көмек көрсетсін, бәрінің де жетісіп тұрғаны шамалы. Құданың құдіреті, жан қалтада жүретін бет орамал о дүниеде үлкен әжетке жарайтын көрінеді. Сауабынан күнәсі бір мысқал ғана ауыр боп, әке-шешесі тозаққа түскелі жатқанда, қыз байғұс қана шырылдап кеп: «Қайтейін, тозаққа күйсем күйермін» деп өз орамалын таразының сауап жақ басына тастайды екен. Сөйтіп, қыздың арқасында ата-ана тозаққа түспей аман қалады деседі… Қыз бала деген сол… Бұл әңгімені Айтөре ешқашан естімеген еді. Діни аңыз бола тұрса, да, оның қаншалықты мәнді, қаншалықты әсерлі құрылғанына ол қайран қалды. Үлкен толқу мен таңданыс үстінде Айтөре әлгінде ғана өз кеудесін тұмандай торлап тұрған қайғы-шерін ұмытып та кетті. Адамата мен Хауана боп жер үстінде екі жыныс пайда болғалы бері әйел көрген азап пен қорлықты еркек көрген қорлықпен салыстырса, әйелдікі –асу бермес асқар тау, еркектікі –еріншек адам шыға беретін төбе болар еді. Басқаның қалай ойлайтынын Айтөре білмейді, өз басы осылай деп топшылайтын. Сондықтан, жер бетіндегі барлық әйел атаулыға ол аянышпен қарайтын, егер қолынан келе қалса, оларға барлық-барлық жақсылықты үйіп-төгіп бере салғысы келетін-ді. Ал мына әңгімеден соң әйел жайлы, әйелдің шексіз де ұлы мейірбандығы жайлы ғажайып бір жаңалық ашқандай, ішкі жан сарайында айрықша бір толқу, айрықша бір жаңару, сол жаңарудың әсерінен нәзік
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59