кейбір кеңсе қызметкерлерімен жұмысты жай істейсіңдер деп сөзге келісіп те қалмады ма? Ал асықты, жетті, енді бұдан әрі не болмақ? Керегі болсын, болмасын, алыс-жақында тұратын балаларының тірлігіне орынды-орынсыз араласып, өзін-өзі зорлап бөтен өмірге таңа беру керек пе? Бөтен өмір? Рас-ау, қанша қатал болса да, өз балаңның өмірі қара шаңырақтан қырық қадам ұзаған соң-ақ, бөтен өмір болатынын мойындамасқа лажың қалмайды екен ғой. Өзің бөтенсімейсің-ау, жағдай бөтенсиді, өйткені ол жағдайлар сенсіз-ақ шешіледі. Балаларынан осы қалада тұратыны — баяғы стол басында ұйықтап қала беретін Ертай. Келін екеуі бүгін үйге біржола көшіп келеміз деп кеше телефон соққан. Әй, оның да әуресі бір басына жетерлік болды-ау! Жиырма бесте жасы болса да, осымен екінші рет үйленіп отыр. Әуелгіде бұлардың үйлері үш бөлмелі болатын. Бұл үйленген соң бөлек шығару керек болды. Келіннің мінезі жайсыздау, есіл-дерті бөлек отауға шығу екенін байқаған соң, Зейнеп оларға кесірімді тигізбейін деп, үш бөлмелі үйін екі бөлмелік және бір бөлмелік екі үйге айырбастады. «Кейін біздің баламыз болады, ал сіз енді бала тумайсыз, екі бөлмені бізге беріңіз» — деп, келіні біраз қияңқылық танытты. «Мен бала тумасам басқа жақтан немерелерім келеді, жападан-жалғыз қу бас боп отыра береді деймісің! Тілің қандай ащы еді!» деп, Зейнеп оның дегеніне көне қоймады. Ертай бәрібір онымен ұзақ отаса алмады, екінші жылы ажырасып тынды. Зейнеп бұған қуанбаса қайғырған жоқ, екеуі осы үйде тұра берді. Өткен жылы ол тағы отау көтеріп, кәдімгідей тату-тәтті өмір сүріп отыр еді, екеуі тал күбідей тағы айныды. Келін айтты «оқуға алыс» деп, (ол әлі студент болатын) баласы айтты «жұмысқа қашық» деп. Сөйтті де, табан асты келінінің орталықтағы әке-шешесінің қолында тұратын боп шықты. Ал Зейнеп болса, сол балалардың бәрін осында тұрып-ақ жетілдіріп, қаланың қақ ортасындағы жұмысына қашықсынбай осы жерден қатынап-ақ істеп еді! «Әні, жастардың жаны ардақты, олар біз сияқты маубас емес!» деп ойлады ішінен ол. Бүгін міне, әні-міне Ертай келінді ертіп кеп қалар деп, есік пен қара телефонға қайта-қайта қарайлап отырған жайы бар. Әзірге есік те, телефон да жым-жырт. Сыртта жаңбыр күшейе түскен секілді. Арты қарға айнала ма, ұйтқыған желмен әлде жаңбыр, әлде қар қиыршықтары терезені сытыр-сытыр соғады. Күте-күте жалыққан соң, Зейнеп ас үйге кіріп шай демдеді. Асықпай демдеді. Асықпай кесеге құйып, енді ерніне апара беріп еді, есік қоңырауы да баж ете қалды. Келіні мен баласын күтіп отырса да, ол алғашында селт ете түсті де, ізінше жүрегі лүпілдеп, «келді, ой, тентектерім сол!» деп орнынан күбірлей көтерілді. Ол өз аяғына өзі сүрініп, орнынан тұрам дегенше қоңырау тағы қағылды. —
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59