бір қуаныш сезімі пайда бола бастаған секілді. Жан дүниесінің алыс бір түкпірінде пайда болып, бүкіл өн бойына дуадай жайылып қеле жатқан сол бір ерекше сезім жөргекке енді-енді бөленіп келе жатқан сәтте Зейнеп қайта сөз бастады. — О дүниеде де, бұ дүниеде де жаныңа жалау боп жалбырап жүретін сол қызым… — Ол Айтөреге сұраулы пішінде қарап қойды да: — Нәзипаны айтам — деді, ол жайлы талай әңгіме шерткен адамдай. — Жоқшылық, кемтарлық дегенді жаялығынан ұғып өскен қызымды айтам. Сол қызым… Он бір жасында қайтыс болды. Анаға баланың өлімінен артық бататын ештеңе жоқ екен. Әлгінде, өзіңіз айтқандай, ата-ана үшін барлық бала бірдей қымбат қой, ақылы аздау еді деп, немесе тентек еді деп оларды шетке итермейсің ғой. Сонда да болса… Сонда да болса… — Зейнеп жайбарақат сөйлеуге қанша тырысса да, көмейіне кеп кептеле берген әлдеқандай бір түйінді іште тұншықтырып, әңгімесін үзіп барып жалғастырды. — …Әрқайсысының орны әр бөлек болады екен. Әсіресе, нәзік жаралған қыз бала. Әсіресе, бәрін түсініп, бәрін көтеруге көндігіп өскен қыз… сол батады екен… — Ішке қайта жұтылған әлгі түйін бәрібір көзден жас боп шығып, клеенка үстіне тырс етіп тамған тамшы боп тынып еді, Зейнеп оған мән де бермей әңгімесін іркіп барып, жалғап кетті. — Байғұс бала көп те ауырған жоқ. Екі-ақ күн жатты. Екі-ақ күн… Сол баяғы бәріне көндіккен, момақан да ақылды, сабырлы пішінде:
- Апа, о дүниеге барғанда мен саған үш орамал беремін, — деді аспанға қарап жатып. — Міне, үшеуі де түгел. — Ол жастығының астынан тап-таза етіп жуылып, төрт бұрыштап мұқият бүктелген аппақ үш орамал суырып көрсетті. Мен не дейін: — О не дегенің, балапаным-ау, қайдағы о дүние! — деп жан дауысым шықты. Ол сабырлы қалпынан таймаған бойы:
- Бірақ сенің күнәң жоқ шығар, — деді маған тесіле қарап. — Онда мына орамалдарды күйіп бара жатқан бір байғұстарға берермін. — Оның даусы сондай таза, сондай ап-анық естіліп жатты. Мен оны өледі деп ойлаған жоқпын, сандырақ немесе мені әдейі қорқытып жатқан ғой деп топшылағам. Қайдан білейін мен сорлы. Ал білгенде не істемекпін, қолымнан не келмек?
Мен ыстық шай әкеп, қасына отыра беріп едім ол: — Апа, мені молаға апара жатқанда қолымнан ұстап отыршы. Қасымнан кетіп қалма, жарай ма? — деді. Сол кезде барып әлдеқалай бір сұмдықты сезіп, ішім мұздап сала берді. Зейнеп үнсіз қалды. Айтөре қорғасын тыныштықтың езгісіне төзбей: