бірте-бірте меңдеп келе жатқан осы бір сауал басына тағы оралды. «Адамдарға не болған? Олар неге қатыгез боп барады?» — Әжем қызық адам болатын, — деді Зейнеп әлгі қайғы құрсауынан біршама босанғандай кенет басқа әңгіме бастап. — Ол кісі әулеттегі әйел адамның бір де біреуін басқа жерде босандырмаушы еді. Екі қабат әйелдерді жолға да шығармайтын. Егер екі қабат келіндерінің кейбірі ілуде төркіндеріне кете қалса, екі жақты азан-қазан, у-шу ғып өзі барып ертіп келуші еді. «Үйде тумаған әйелдің баласы мейірімсіз болады» деп айтып отыратын-ды. Қазіргі әйелдер үйде тумайтын болды емес пе? Бәлкім, әжем байғұс бірдеңені білген соң қақсап келген шығар. Біз тыңдадық па оны! Сөзін құлағымызға да қыстырмай, оны әжуалап, келеке ғып талай күлмеп пе едік!.. Зейнеп сөзін бітірер-бітірместе ас үй жақтан қазанның асып төгіліп, быж-быж еткені естілді. Сол «быж-быж» уайым тоғайын аралап, тым алыстап кеткен екеуін үйдегі тіршілікке табан асты қайта әкеле қойды. Зейнеп орнынан тез көтеріліп, тасып жатқан қазанына қарай жүгіре жөнелді. «Үйде тумаған әйелдің баласы мейірімсіз болады!» Айтөре ой құшағына қайта шомды. Бұл жолы бұрынғыдай жауабы жоқ меңіреу қараңғылыққа қамалғандай емес, сауал зынданның аузы ашылып, ішке бір саңылау түскендей, сол саңылаудан көкірегіне үміт пен қуаныш лебі құйылғандай болды. «Үйде тумаған әйелдің баласы мейірімсіз болады…» Мына «әжейдің» әжесі мұны қайдан шығарып жүр? Оған кім айтты? Мен неге естімегем? Жалпы, біздің елде мұндай әңгімелер неге жоқ? Неге оны ескілік деп менсінбей өстік? Неге? «Үйде тумаған әйелдің баласы мейірімсіз болады». Ешқандай қиналыссыз, оп-оңай айтыла салған қарапайым ғана сөз! Бәлкім, осында біз ұқпайтын, ұға алмайтын бір құпия жатқан шығар? Халық даналығы деген ұлы ұғымның тарыдай бір түйірі осы емес пе екен? Айтөре диванға шалқалап отырған қалпында көз қиығымен ас үй жаққа қарады. Ас үйдің ашық есігінен ет түсіріп әбігер боп жатқан Зейнептің тұлғасы қараңдайды. Ол әлдеқашан суып, қоңырқай тартып қалған шайдан бір ұрттап, кесені орнына қойып еді, алдында тұрған стакандағы шарапты көрді. Олар бұл жөнінде мүлдем ұмытып та кетіпті. Айтөре оны іше салмақ боп стаканды қолына ұстап еді, «осынша сары уайымға толы әңгімеден соң шарап ішу санасыздық болмас па екен?» деген сауал басына сап ете түсті де, ол ыдысты орнына қайта қойды. Ас үй жақтан жылқы етінің тәбет қоздырған хош иісі келді. Айтөре екі елдің арасындағы елшідей сіресіп отырғанды туа жек көретін. Оның үстіне әлгі әңгімелердің иықтан басқан салмағын жеңілдетейін деп, орнынан тұрды да, иісі мен буын бұрқыратып кішкене тақтайша үстінде апыл-ғұпыл ет
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59