ӨКПЕК ЖОЛАУШЫ

турап жатқан Зейнептің қасына келді. Өкпек жолаушының уақыты қанша дегенмен санаулы екенін ол енді ғана ұққандай турап жатқан етін тастай салып, асығыс- үсігіс пияз аршуға кірісті.

  •  Пиязды мен-ақ турайын, — деді Айтөре оның үлгіре алмай жатқанын көріп. Зейнеп Айтөренің ас үйге келіп тұрғанын байқамаған екен, оның даусын естіген кезде селк етіп қолынан пышағын түсіріп алды.
  •  Астапыралла! Мен сізді анда отыр екен десем… Сап етіп қашан келе қалғансыз?

Айтөре Зейнептің қорыққанына, қолынан түсіп кеткен пышақты абдырап жүріп қайта көтергеніне, әрі разы, әрі мәз боп біраз күліп алды, күліп тұрып «сап етіп қашан келе қалғансыз» деген сөзінің ар жағында тек қана үрей емес, әрі наз, әрі өзімсінген бір жарасымды ықылас жатқанын аңғарды. Осыны аңғарғаны сол екен, жүрек түбіне әлдеқайдан тыз етіп ыстық бір тамшы тамды да, өн бойына ерекше бір жылылық боп тарай бастады. Сол сезім сүлесоқ ағып жатқан салқын қанын тірілтіп, Айтөре көңілді үнмен:

  •  Қазақтың қарны қай жерде екенін білесіз бе? — деді күліп.
  •  Ойбай, білсем құдай ұрсын, — деп Зейнеп те әзілдей жауап берді. — Төбесінде шығар!
  •  Жо-оқ, таппадыңыз, — деп Айтөре кеңкілдей күлді. — Қазақтың қарны, міне мында, саусағында. — Ол екі қолын дәл Зейнептің алдына әкеп, саусақтарын жыбырлатты. — Көрдіңіз бе?
  •  Жоқ. Саусақ тұр, қарын көрінбейді.
  •  Міне, міне, гәп сонда! Егер қарныңыз саусағымыздың басында салбырап тұратын болса, оны бір-бірімізден сұрамай-ақ білмес пе едік. Қазақтың қарны саусағының басында дейтінім — оның саусағы ыстық ет пен қамырға күймей қарны ешқашан тоймайды. Міне, философия қайда жатыр! — Айтөре мен Зейнеп бұл сөзге мәз-мейрам боп қосарлана күлді. Әркім өзінше күліп тұрып бір-біріне іштей сүйсінді, бір-бірінің жақсы түгілі жатқа да жамандық ойламайтын, ойлай алмайтын жайдары мінезге бай жандар екенін қас қағым сәт арасында ойлап өтті.
  •  Сонда немене, ет турағыңыз кеп тұр ма? — деді Зейнеп пияздың ащылығынан жасаураған көзін жеңімен сүртіп қойып.
  •  Дәл таптыңыз! Сізде бар ғой, адам ойын дәл таба білетін ерекше бір қасиет бар екен! Осында алғаш келгенімде де ыстық шай ішкім кеп тұрғанын бірден біле қойғансыз.