күліп алды да, орнынан тұрып есік жаққа қарай жүрді. Есік қоңырауы тағатсызданып тағы шырылдады.
- Мен қайтем? — деді Айтөре де табан асты сасқалақтап.
- Отыра беріңіз — Зейнеп осыны айтып үлгірді де, ауызғы үйге жүгіре шықты. — Бұл кім?
- Мен… мен!
- И… Иә…
- Неғыл дейді, құдай-ау, мынау әзер сөйлеп тұр ғой! — Зейнептің есікті ашқаны сол екен, Ертай ішке сүріне-қабына кіріп келді. Үсті-басы малмандай су, құлаған ба, шынтағы мен тізесі сауыс-сауыс. Ауызғы бөлме табан асты арақ сасып шыға келді. Зейнеп оны қолтығынан сүйеп, плащын шеше бастады.
- Мына жүрісің қай жүріс, құдай-ау! Сені ұйықтап жатыр дегені қайда? Арақты қайдан ішіп жүрсің?
- Роза… қ-қайда? Ол о-осын… осында ма?
- Ойбай-ау, оның қайда жүргенін мен қайдан білейін, өзіңмен бірге емес пе еді? Ағасын күтіп отырмыз дегенің қайда?
- Жоқ, ол осында! Ол менен қашып кеткен! Сен әдейі айтпай тұрсың!
- Құдайым-ау, келінді үйге жасыратындай не бопты маған? Немене, тағы ұрысып қалдыңдар ма?
- Иә…
- Не жетпей қалды?
- Көрсетемін мен оған!.. Қ-қайыр-шы… Ол… мені қ-қа-қайыршы деді ғой… Ол… өлтірейін деп едім… қ-қашып кетті. Даладан із-іздеп та-таба алмадым. Олар оны осында кетті… деді.
- Жарайды. Айтқан адам айта берсін. Бейпіл ауыз не демейді… — Зейнептің де даусы қорланып шықты. — Шешін!
Ертай шешінбеген бойы ішке ентелеп кіріп барды. Кіріп барды да, жасаулы столды, стол басында жансыз адамдай сілейіп отырған бурыл басты ер адамды көріп, не ары, не бері қозғала алмай, желді күнгі қамыстай бұлғаңдап тұрды да қалды. Көз алдындағы көріністің елес емес шын екеніне әбден сеніп алғысы келгендей ол қараңғылыққа үңілген адамша біраз тесіле қарап тұрды да:
- Вот жись! — деді күбірлеп. Мен… Роза екен десем… Шал ғой какой-то… Егер Роза болғаныңда бар ғой… — Ол саусағымен кеңірдегін кесті. — Басыңды жұлып алатын едім, білдің бе?
Ертай тәлтіректеп кеп, фужерге шараптан толтыра құйып алды.
- Сіз үшін — деді ол Айтөреге қарап.
- Рахмет, — деді Айтөре міз бақпаған бойы.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59