400;»>Ертай шарапты түгел ішті де, табалдырықтан бері аттаған бойы енді не істерге білмей тас мүсіндей сілейіп тұрған анасына қарады.
- Роза шынымен жоқ па? — деді ақырын.
- Жоқ.
- Ол қайда?
— Білмеймін. — Зейнеп ойда жоқта Ертайдың кіріп келгенінен, мына мамыражай отырыстың үстінен түскенінен жерге кірердей қымсынып, жауаптарын қысқа ғана қайырды. — Кеттім! — деді де, ол Зейнептің шарабын қағып салды. — Ал, Тото Кутуньо, Чау! — Ол Айтөреге салют берді де, тәлтіректей басып сыртқа беттеді. — Ертай-ау, енді қайда бармақсың? Далада жаңбыр құйып тұр! — деп Зейнеп бәйек бола бастап еді, зіңгіттей жігіт оны итеріп тастап, есікті шалқайта ашып шыға жөнелді. Зейнеп оның артынан жүгірерін де, орнында тұра берерін де білмей, бар тапқаны көзіне жас алып, соңынан айғайлап қана үлгерді. — Әй, айтып кетсеңші, қайда барасың? Ертай! Естисің бе, Ертай, қайда барасың деймін?! Жауап орнына бірінші қабаттың сыртқы есігі сарт жабылды. Зейнеп сол орнында сілейіп ұзақ тұрды. «Ол қайда барады, қайда кетті, енді не істемек?» Баласының артынан қуып жетіп алдын кес-кестейін десе, өздерінің отырыстары мынау, қумайын десе, оның аласұрған мінезі тағы анау. Ол екі ойдың қай жағына шығарын білмей тұрғанда Ертай да қараңғылыққа сіңіп жоқ болды. Зейнеп Айтөре отырған стол басына жайлап жақындап манағы өз орнына сыбыссыз жайғасты. Айтөре де өзін қоярға жер таппай тым қолайсыз жағдайда отыр еді.
- Мен сізге жайсыз қонақ болдым-ау деймін шамасы, — деді Айтөре бірдеңе деу керек болған соң амалсыз тіл қатып.
- Жоқ, ә, сіздің не кінәңіз бар, — деп Зейнеп мұрнын тартты. — Тамақ та рәсуа болды ғой. Бірде мүйіз, бірде киіз, не боп кетті өзі! — Ол Айтөренің тарелкасына тамақ салып берді. — Алыңыз, қысылмаңыз.
Айтөре кеберсіп қалған еттен, қаязып қалған қамырдан құлықсыз бір-екі шөкіді де, сағатына қарады.
- Уақыт та таяп қапты, — деді ол өкініші де, қуанышы да жоқ сүлесоқ үнмен. — Жиналу керек шығар.
- Иә, жиналу керек! — Зейнеп оның алдына кесемен сорпа әкеп қойды. — Тым болмаса ыстық сорпа ішіңіз. Құрт қатқан сорпа.