қуанып, құрт қатқан қышқылтым да қоймалжың сорпадан екі-үш рет құмарта ұрттады.
- Ол дүниеге барғанда сенен ешкім «не іштің?» деп сұрамайтын шығар, — деп күлсек:
- «Не салдың?» деп те сұрамайтын шығар, — дейтін қолын сілтеп.
Зейнеп бұл анайылау әңгімені Айтөренің әшейін уақыт өткізу үшін, екеуінің төбесінен төніп келе жатқан ауыр тыныштықты серпілту үшін айтып отырғанын сезді. «Бұ кісі ғой қазір кетеді, — деді ол іштей, — ал мен қайттім? Балалардың алдында енді не бетімді айтамын? Оларға қалай ұрысам? Менің сөзімде енді қандай қадір қалды? Мені енді кім тыңдайды?..» Күйеуі қайтыс болғаннан бері бұлардың мына шаңырағына бөгде еркек бас сұғып көрген емес-ті. Келе қалса да жұмыс бабы, тіршілік қамы деген қасаң қарым-қатынастың, қуаныш-ренішке байланысты алыс-жақындардың мейірім-ықыластарынан әрі аса қоймаған аралас-құраластық еді. Бұдан өзге қарым-қатынас бар деп, болады деп Зейнеп те үш ұйықтаса түсіне кіргізе алмаушы еді. Ер адам мен әйел адамның арасында ресми, туыстық қарым-қатынастан тысқары қарым-қатынастар болатынын, болып жатқанын ол білмейді емес, білетін, көрмейді емес, көретін, бірақ ондай жағдай дәл өз басынан өтіп көрмеген соң ба, әлде бұл жайлы ойлап көрудің өзі өз еркінмен күнәға батумен пара-пар боп елестеп келгендіктен бе, ол өзін мұндай өмірден оқшау ұстайтын. Түптеп келгенде, мұндай «бейкүнә өмір» оның әлдеқандай бір жазғырушы күштен қорыққандығынан, не болмаса, өзін-өзі әдейі оқшау ұстау ниетінен емес, өз болмысынан, табиғи мінезінен туып жататын-ды. Сондықтан ба екен, кенже баласының үйде отырған ер адамды көріп қалғаны оның өмір бойғы тазалығы мен пәктігіне дақ түсіріп өткендей, олардың алдында аналық адалдығын бөгде тірлікпен былғап алғандай сезіндіретін ішкі дүниесіне жайлап енген беймаза сауал бірте-бірте күшейе түсті де, сабыры мен тағатын алған айрықша бір аласапыранға айналды. — Мен ылғи осылаймын, — деді осы сәтте Айтөре күлген боп, — сондықтан қапаланбағанды жөн көремін. — Зейнеп оған сұраулы пішінде көз тастады. — Мен өзім туралы айтып отырмын, — деп Айтөре тағы да оған
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59