Әй, қазір, қазір! — деп айғайлады Зейнеп есік жаққа сүріне-қабына ұмтылып. — Өздері күні бойы күткізеді де, енді жанұшырып бара жатыр. Күні бойы бір телефон соға салсаңдар болмас па еді! Сөйлеп жүріп есікті ашты да:
- Ой, түрлерің құрысын, ал кірің… — Ол «дер» деген көптік жалғауды айтып үлгіре алмады. Есік алдында Ертай да емес, келіні де емес, шляпасының етегінен су сүмектеген, үсті-басы малмандай, жасы алпыс-алпыс бестер шамасындағы бейтаныс ер адам тұр еді. Зейнеп бұдан әрі не дерін білмей сәл ғана сәтке мүдіріп, бейтанысқа қарап қалды.
- Иә… сіз… кімнің үйін іздеп жүр едіңіз? — деді ол аздап шошынып қалғанын да жасыра алмай.
- Қалай десем екен, — деді бейтаныс күлетін жағдайда тұрмаса да, зорлана езу тартып. — Мұнда сіздер тұрып жатыр екенсіздер ғой… — Ол кемпірмен ісі болмай, есік тұтқаларына, есіктің дермантиніне, босаға мен табалдырыққа назар аударып, алақанымен сипап өтті. Зейнеп бейтаныстың бұл қылығынан секем алғандай оған таңырқай қарады. Бейтаныс есік тұтқасына екі саусағын тигізіп:
- Әлі тұр екенсің-ау, амансың ба? — деді ескі досымен кездескендей елжірей сөйлеп.
Басқа бір үйге келіп, үй иесінің қарсы алдында тұрып есік тұтқасымен сөйлесіп кеткен адамның есінің дұрыстығына күмән келтірген Зейнеп енді тіксіне сөйледі. — Сіз кім боласыз өзі? Кімді іздеп жүрсіз? Бейтаныс өзінің қайда тұрғанын енді есіне түсіргендей, Зейнепке қарап аз-кем абдырап қалды. — Мен… мен жолаушы едім, — деді ол шляпасының суын сілкіп. — Аэропорттан келе жатырмын. Әлгінде таксиден түскен соң үйлеріңізді көп іздеп қалдым. Маңайларыңыз өзгеріп кетіпті. «Елу жылда ел жаңа» деген осы ғой. — Түсінсем бұйырмасын, — деді Зейнеп иығын қозғап. — Сонда іздеп жүргеніңіз кімнің үйі? Бейтаныс қабырғаларға суын шашыратып, шляпасын тағы бір-екі сілкіп қалғанда, одан ұшқан ұсақ тамшылардың үш-төртеуі Зейнептің де бетіне бұйырды.
- Мұныңыз не, адамға қарай суыңызды шашып? Қас қарайғанда ерігіп қайдан жүрген адамсыз? Бұл үйде сіз танитын адам тұрмайды! — Зейнеп есікті сарт жапқалы тұтқа ұстап тұрған оң қолын қозғалта беріп еді, бейтаныс оған аса бір мейірімді күлкімен езу тарта қарады да:
- Өрескел қимыл танытсам кешірерсіз, — деді, «осы бәле болды ғой» дегендей су шляпасын басына киіп. — Мен… баяғыда… осы үйде тұрып едім. Зулап бара жатқан заман-ай десеңші? Бұл қаланы көрмегеніме
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59