ұмтыламыз деп беріде тұрғанды көруден қалған шығармыз. Айтөре мына сөзден қатты толқып, Зейнептің қарсы алдына кеп, оның жүзіне тұңғыш рет көз тоқтата қарады.
- Сіз ақылды әйелсіз, — деді ол ақырын ғана. — Сіз тұнып тұрған қазынасыз. Бірақ өкінішті!..
- Ол қандай өкініш?
- Сіз сияқты әйелдердің жер бетінен жойылатындығы. Енді бір отыз-қырық жылда сіздің орныңызды басқа адамдар басады. Олар табиғаты мен тақылеті жағынан мүлде жаңа, мүлде кереғар. Кітаппен көзін ашып, кітаппен немесе телевизормен қартайған кемпір мен шалдар. Байқайсыз ба, қазір немересіне ертегі айтатын әжелер құрып барады!..
- «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді.
— Солай-ау, ә! — Айтөре Зейнептің иығынан жұп-жұмсақ қана бір ұстап қойды да, тез столға жақындап, екі фужерге шарап құйып, біреуін оған ұсынды. — Елу жылда біздің орнымызға жастар келеді, тағы бір елу жылда олар да жаңарады. Ал біз!.. Әлгі сіз айтқан қазан боламыз. Қайтып бір-бірімізді көрмейміз, аспан асты жер қуыс, сол шексіз кеңістіктің бір түкпірінде тозаң боп ұшып жүреміз. Егер тозаң бола алсақ! Енді… сары уайымға салына бермей, тозаң болуға аз ғана уақыт қалғанда мына тосты сіз үшін алғым келеді. Адам баласын жатсынбайтын, жауына да жамандық тілемейтін, жаны сұлу Сіз үшін! Тағдыр мені жаңбырлатып айдап келгенде, осы үйдің ішінде сіздің болғандығыңыз үшін!
- Құдай-ау, сіз не деп кеттіңіз? Мен… менде жүрген қайдағы сұлулық! Ұят-ай! Балалар ести көрмесін! Ал алып қойыңыз! Мен закөске дайындайын! — Зейнеп столға қарай қозғала беріп еді, Айтөре оны қолынан ұстап тоқтатты.
- Әлгінде ескерттім ғой, енді қайтып кездеспейтін болған соң амалсыз айтып тұрмын деп. Солай!.. Сіз де алыңыз!
- Мен шарап ішіп көрген емеспін…
- Ешқашан ба?
- Ешқашан.
- Тіпті жас кезіңізде де ме?
- Иә, жас кезімде де.
- Адам сенгісіз нәрсе екен…
- Сенбейтін несі бар? Аузыма алып көрген жоқпын. Бар болғаны сол. Тіпті, той-томалақтарда да кешкі сегіз-тоғыздан ары кешігіп көрген емеспін. Балаларға асығатынмын. Әуелгіде олар жас болды, жалғыз тастай алмадым. Кейіннен есейді, балалар есейген соң үйге олардан кейін келіп қоңырау соғып тұрған масқара екен. Онан соң шешеде қандай бедел болмақ? Оларға не дейсің, не деп түсіндіріп жатасың? Түсіндіргенмен олар түсіне қоя ма?
- Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59