ӨКПЕК ЖОЛАУШЫ

емес, айлар бойы қарақан басы тіршілік еткен, бірақ соның бәрінде де дәл бүгінгідей, дәл қазіргі сәттегідей жалғыздықты сезініп, сол жалғыздықтың әсерінен жан құлазытқан жаназа тыныштықты сезініп көрген емес-ті. Ол үйге сыймады. Желінбей қалған тамақ пен ыдыс-аяқтарды жинауға да зауқы соқпады. Құлағына Айтөренің қоңыр үні, көз алдына байсалды пішіні, жарасымды күлкісі елестеді. Баяғы бір кезде ішкі дүниесіне жып-жылы боп тамған бір тамшы өн бойына енді ғана тарап біткен бе. Айтөре жайлы ойлағанда жүрегі әлденеге дүрсілдей қуанып, оның енді қайтып бұл үйге бас сұқпайтынын, оны енді қайтып ешқашан көрмейтінін ойлағанда, өзін айдалада адасып қалған жетім киіктей сезініп, сол сезімнен көңілі босап кеткендей болды. «Мұнысы несі? — деді ол жан дүниесіндегі беймағлұм бір өзгерістерді өзі де жөнді түсіне алмай. — Бұрын жалғыздықты неге сезінбедім? Бір көрген адамды тағы да еске алып отырғаным не? Балалы-шағалы, немерелі боп отырғанда бейтаныс бір еркекті ұмыта алмау деген не масқара? Көп болса осы үйдің бұрынғы иесі шығар, көп болса басынан талай тағдырды өткізген шығар, ал онда тұрған не бар екен? Мұндай адамдар бұрын да талай-талай кездескен. Тіпті, «Зейнепжан, балалар ұйықтап қалған соң үйіне барып шай ішейінші» деп ұсыныс жасаған еркектер де болған. Бұл солардың бірде біреуі жайлы ойлаған да, еске алған да емес. Әлде олардың бәрі жай әшейін ғана «ауыл арасының» адамдары ма еді? Әлде… әлде балалардың арасында ұршықтай иіріліп жүріп басқа ой ойлауға мұрша болмады ма? Әлде адамға сүйеніш пен қамқорлық жас кезінде емес, жасы ұлғайғанда қажет пе? Бәлкім… бәлкім… О масқара-ай!.. Бәлкім, жұрт айта беретін әлгі… бірін-бірі сыйлау, жақсы көру деген адамға қартайған кезде керек шығар? Бәлкім, ол… Түу, не деп кеттім осы? Қияли адамдай қайда лағып барамын? Масқара-ай!..» Ол жұлқи ашылған сыртқы есіктің сартылынан селт ете түсті. Зейнеп есікті ілмеген екен, ішке алқын-жұлқын Ертай кіріп келді. Кіріп келді де, жүгіріп залға өтті.

  •  Қайда? — деді ол анасының ас үйде екенін қарамай-ақ сезіп. Зейнеп оған жақындады.
  •  Не қайда?
  •  Әлгі шал.
  •  Оны қайтпексің?
  •  Танысайын деп едім!

Әлгіндей емес, оның мастығы тарап, денесі ширап қапты.

  •  Ол кетіп қалды. Осы үйдің бұрынғы қожасы ғой.