жиырма жыл бопты… Өмір өзгерді, жас ұлғайды… Жас ұлғайған соң өткенді көп ойлап, оны сағынады екенсің. Алдың — сағым, артың — сағыныш. Беймезгіл уақытта кеп, беймаза әңгіме айтып кеттім-ау. Мына тұтқаны, — ол оны тағы ұстап қойды да, басын шайқап күліп жіберді. — Е, оның тарихын айтып жатудың сізге керегі қанша. — Ол Зейнептің жүзіне назар тоқтатып бір қарап алды. — Дегенмен, кәдуілгі қала тұрғыны секілді бейтанысқа қарақшы көргендей бажырайып қарамайды екенсіз. Түсіңіз игі. Балаларыңыз біраз бар-ау, шамасы…
Әрі сабырлы, әрі сыпайы, әрі бірдеңені біліп еркін сөйлеп тұрған мына кісінің үніндегі жылылық Зейнептің бастапқы кездегі оған деген күдігін біршама сейілтіп, әлгіндей бетіне шашыраған судың салқынын томыртқалап өткендей болды. —Япыр-ай, келеңсіз жағдай боп тұрғанын қараңызшы, — деді Зейнеп әрі-сәрі күйде. — Үйге кіріңіз дейін десем, оның реті жоқ, мен сізді танымаймын, кірме деп айтуға тағы да ауыз бармайды. Ар жақ, бер жақ боп тұра беру тағы ыңғайсыз. Ал сіз болсаңыз мынау — құдыққа құлап шыққандай. Не де болса үйге кіріңіз, бұрын тұрған болсаңыз ішін көріп кеткеніңіз жөн шығар. Баскесер емес шығарсыз! — Ой, көп рахмет! — деп, бейтаныс Зейнептің соңғы сөзіне кеңкілдей күліп алды. — «Ішке кіріп шығайыншы» деп айтуға аузым бармай тұр еді. Ол табалдырықты аттап үйге енген бетте жан-жағына асықпай қарап шықты да, дәліздің қарсы беттегі қараңғылау түкпірінде, киім ілгіштен екі қарыстай жоғарыдағы шегеден жуан, қазықтан жіңішке сүңгіге көзі түсіп, қимылсыз қалды. — Әлі тұр екен-ау! — деді бейтаныс күбірлеп.
- Ойбай-ау, сыртқы киіміңізді шешсеңізші. Су сүйегіңізден өтіп кеткен шығар, ол қазықты тап қазір біреу суырып алып кетейін деп тұрған жоқ.
- Иә, иә, солай екен-ау, — деді бейтаныс зорлана езу тартып. — Рахмет. — Ол плащын шешіп киім ілгішке ілді. — Ал рұқсат болса, басқа бөлмелерді де қарап шығайын.
- Қарап шығыңыз, сол үшін кірген жоқсыз ба. — Зейнеп оның алдына тапочка қойды. Аяқ киімімен ішке ұмтылып бара жатқан бейтаныс ұялғаннан абдырап қалды.
- Ой кешіріңіз, бәтеңкемді шешуді де ұмытып кетіппін ғой! — Ол бір қолымен қабырғаға сүйеніп, екінші қолымен тез-тез бәтеңкелерін шешті де, аяғына тапочканы сұға салып ішке қарай беттеді. Келесі бөлмеге енер алдында бейтаныс бұрын көрмеген кемерден суға секіргелі тұрған адамдай сабыр шақырып сәл аялдады да, демалысының жиілегенін жасыра алмай соңында келе жатқан Зейнепке күлімсірей бұрылды. Зейнеп оның жанарынан үлкен тебіреніс пен
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59