толқуды көрді.
— Қанша дегенмен жиырма жыл өтті ғой! — деді ол өзінің толқып тұрғанын Зейнептің байқағанын сезіп. Сөйтті де, неге екені белгісіз, шалбарының оң жақ қалтасынан орамалын алып, пиджагінің қалтасына салды. Екеуі дәліз бен жататын бөлменің ортасындағы залға кеп тоқтады. Кіре беріс оң жақ қабырғадағы диван мен қарсы беттегі телевизор және келе қалған кісілер үшін қойылған үш-төрт орындық болмаса мұны зал деп атаудың өзі де қиын еді. Өйткені, терезе жақ қабырға мен телевизордың жанынан тағы екі кереует, тозығы жеткен сары тумба мен аласа торшер орын теуіпті. Үй іші әлдеқандай бір салтанатқа дайындалғандай ерекше таза әрі жинақы екен. Бейтаныс ұйықтайтын бөлме мен ас үйді қарап шықты. Зейнеп оны күтіп, екі ортада қимылсыз тұрған. Әлден соң ол Зейнептің қасына келді. Әлдеқалай ой құшағында жүріп ол көзіне жас алды ма екен, қасына кеп тоқтағанда орамалымен мұрнын, маңдайын сүртіп, баяу ғана тіл қатты.
- Менің атым — Айтөре, — деді ол тап біреу аты-жөнін қинап сұрап тұрғандай жанарын жерден көтерместен. — Фамилиям — Асқаров. Өтіп бара жатқан жолаушымын. Яғни, қазіргі сөзбен айтқанда, транзитті жолаушымын. Самолетімнің ұшуына, — ол сағатына қарап қойып, — самолеттің ұшуына үш сағат қапты. Қазіргі кезде Новосибирскіде болушы едім, аэропорт жақта қою тұман түсіп, көрмейсіз бе, сіздің үйден бір-ақ шықтық. Одан әрі Якутскіге ұшамын. Қырымда демалып қайтып келе жатқан бетім. Демалысымның бітуіне әлі екі-үш күн бар, сонан соң Алматы арқылы ұшып, тым болмаса ауасын жұтып кетейін деп ем. Енді бұл жаққа қайтып айналып келемін дегенше қай заман… Оның үстіне, қалт еткенде жылт етіп келе қоятын жақын да жер емес.
- Якутск… Якутск деген анау, мұз боп жататын жер ме?
- Иә, мұз боп жататын жер, — деді Айтөре күліп.
- Ойбай, ол алыс қой… — Алыс болғанда айтпаңыз, жердің түбі.
- Құдайдың құдіреті, ол жаққа қайдан барып жүрсіз?
- Е-е, «сен сұрама, мен айтпайын, айтсам жылаймын» депті ғой баяғыда біреу. Ол деген ұзақ әңгіме.
- Біреу-міреулерге ренжіп кеткенсіз-ау, шамасы?
- Ол да бар…
- Біреуге ренжіп сонша алысқа кетуге бола ма екен?
- Солай боп шықты. Тағдырдың дегені осы шығар. Ал мен жүрейін. — Ол тағы да жан-жағына қарады. — Біз бұл үйге… соғыс біткен жылы кіріп едік. Өй, сондағы
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59