ӨКПЕК ЖОЛАУШЫ

куанышымызды айтып ешбір шебер жазушының өзі жеткізе алмас! Ойлап қараңызшы — бармын ба, жоқпын ба деп төрт жыл оқ пен оттың арасында жүрдік. Елде ауру шешем, қалыңдығым қалды. Біз екі күннен соң үйленгелі отыр едік, бәрінің тас-талқаны шықты.

  •  Ақыры оған үйлендіңіз бе?
  •  Иә, үйлендім. Соғыстан келе сала үйлендім.
  •  Әрине, соныңыз дұрыс болған, тағы бірдеңе басталып кетіп жүрсе…
  • Айтөре Зейнептің сөзіне мырс етіп күліп жіберді. — Дегенмен, астарлы әзіліңіз бар екен, — деді ол есік жаққа жаймен қозғалып. — Сізге көп рахмет. Өткен өміріммен, жастық шағыммен жүздесіп, қайта туған айдай бір жаңғырып қалдым. Бұл үйдің әр нүктесінен менің барлық ғұмырым анталап қарап тұрған секілді. Қазір ғой бұл үй сіздерге тар көрініп жүр, ал ол кезде, окоптан шыққан біздерге кең сарайдай боп көрініп еді. Осы үйдің босағасын аттап, анау түпкі бөлменің еденіне киіз төсегенде, шешем байғұс қуаныштан көз жасын көл қып жылағаны бар еді. «Құдайдың көрсеткеніне мың да бір шүкір, енді бүгін алса да ризамын» деп қойсыншы кәне. «Апа-ау, олай демеңіз, жақсы өмірге енді жете бергенде өлімге ризашылық білдіргеніңіз не? Қайта, жомарт құдайдан ұзағырақ ғұмыр тілеңіз» десем: «Құдайдан менің бар тілегенім — сені аман көру болатын, жасаған тілегімді берді, енді бүгін кең сарайдай үйге кіріп отырмын, басқа не керек! Көп тілей берсең құдайдың да мазасын аласың» деуші еді. «Сонда қалай, ертең-бүгін түскелі отырған келініңізді де көрмей кетпексіз бе?» деймін бопсалап. Сонда о кісінің уәжден тосылып, сасқалақтап қалғаны бар еді. «Жоқ, ойбай, келінімді көрмей қалай кетемін, екі тілегімді берген құдай үшіншісіне қысастық жасамас» деп еді. Өмір дегеннің қызығына адам баласы тойдым деп айтқан ба, соғыста жүргенде біз оны жас болсақ та қарттай түсіндік қой, сондықтан анамды ары қарай жетеледім. «Апа-ау, келініңізді көрген соң немереңізді иіскемей қалай кетпексіз?» дегенімде ол кісі: «Қап-ай-ә, ол немесі тағы бар екен-ау», — деп шарасы таусылған адамдай күйзеле күрсініп еді. — Айтөренің өзі де әңгіме үстінде толқып кеткен болуы керек, сөзінің соңында даусы дірілдеп, баяу естілді. Зейнепке бейтаныстың өз өміріне жасаған шолақ шегінісі ерекше әсер етті. Осы бір қысқа ғана сөзден, қысқа ғана еске алудан әңгіме иесінің мейірімділігін, жан дүниесінің тазалығы мен жақсы қасиеттерге байлығын, кешірімділігі мен дарқандығын, өмірге биіктеп қарап, қыбыр-қыбыр тіршіліктегі жақсылық атаулыны көре білетін, бағалай білетін адам екендігін байқап өткендей болды. Жақсыға жаттығы жоқ боп көрінген осы бір жайдары адамның манадан бері су костюм, дымқыл көйлекпен сыпайы қалтырап тұрғаны оны өз ойының алдында ыңғайсыз

    Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59