сезіндіріп кетті.
- «Адам мен адам сөйлескенше» деген, күні бойы алушы мен аңдушыдай қақиып тұрғанымыз ыңғайсыз болды-ау. Танымайтын адамдар түнгі судай бір-біріне салқын келетіні бар, оны жылататын да сол сөз шіркін. Сіз келген кезде шайды аузыма апарғаным сол еді, самолетіңізге біраз уақыт бар екен, бір-екі кесе шай ішіп, бой жылытып кетіңіз.
- Япыр-ай, мен шишамын ба, әлде сіздің көзіңіз өткір ме, адамның не қалап тұрғанын қайдан біле қоясыз, — деп Айтөре әзілдеген боп күле сөйледі. — Самолеттен қалып қалсам да, екі кесе ыстық шайдан бас тартпас едім.
- Онда жүріңіз… а, жоқ, жердің түбінен келген кісіні алақандай ас үйге тықпай-ақ шайды осында әкеле қояйын. Отыра тұрыңыз. — Зейнеп диванды көрсетті де, ортада тұрған столға клеенка жапты. — Қазір алыста болғанмен, осы үйдің алғашқы иесі сізсіз. Өз үйіңізден өзіңіз дәм татып кетіңіз. — Бұл сөзге екеуі де қосарлана күлді.
Айтөре бірнеше минутқа жалғыз қалды. Ыдыс-аяқтың сылдырлағаны естілмесін деді ме екен, Зейнеп ас үйдің есігін жауып алған соң бөлмеде тыныштық орнады. Тек сырттағы гу-гу етіп ұйытқи соққан жел мен сол желден көтеріліп, терезені ауық-ауық соққан жаңбыр тамшыларының сытырын ол талай-талай естіп еді-ау! Дивандары да тап осы жерге орналасқан-ды, өйткені бұдан басқа орынға диван қоюға да болмайтын. Ескі диванның есік жақ шетінде қимылсыз отырған Айтөре бір сәт өзін әрі мүлде жат адамдай, енді бір сәтте осы үйдің күні бүгінге иесіндей сезінді. Уақыт! Сол уақыттардан құралатын адам өмірі-ай десеңші! Бір қарасаң олардың бұл үйден көшіп кеткеніне бір ғасырдай уақыт өтіпті, енді бір ойлап қараса, бәрі де күні кешегідей ғана. Әне, ана бөлмеден қазір анасы шыға келетін сияқты. «Құлыным-ау, келіп қалдың ба! Диванның бір бұрышында неге тұнжырап отырсың, үстің су ғой» деп оған құрғақ көйлек кигізіп, ағарған шашын сипайтындай. Мұның жасы алпыс беске келмек түгілі жүзге келіп, егер ол тірі болса, бәрібір оны құлыным дер еді-ау! Енді бұл үйде мүлде басқа адамдар, басқа дауыстар! Бір кезде өздерімен етене табысып, бұлар болмаса қирап, иесіз қалатындай боп көрінген мына қабырғалар тап сол баяғысынша басқа біреулерге бауыр басып, солармен ауыстасып кеткен секілді. Залмен жалғасып тұрған келесі бөлменің есігі жайлап ашылғандай болды. Айтөренің жүрегі лүпілдеп кетті. Оның ар жағынан әлдекім білдірмей, аяқ киімсіз бері шығып келе жатқан сияқты боп көрінді. Құлағына әл үстінде жатқан анасының: «Айтөре, ау Айтөре, шөлдеген жоқсың ба? » деген үні жетті. Өзі ауырып жатып, оның жайын сұрап жатыр!
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59