Кеше ғана жолдың бұрқырап жатқан шаңы, түнімен жауған жаңбырдан, бүгін шылқылдаған саз балшыққа айналыпты. Үй шатырынан тырсылдап тамған мөлдір тамшылар, ұлы жауынның әлгінде ғана басылғанын айқындап тұр. Үстіне құрылыс материалдарын артқан машина, жалтыраған асфальт көшемен Арыс қаласынан шықты да, тегіс жол біткен соң екі жағына кезек теңселіп, көшедегі шалшық суларды шашырата жөнелді. Азанмен жайылуға шыққан ашқарақ тауықтар, машина әбден тақалғанша, жолдағы шашындыларды бар ынтасымен шоқып, енді басына қауіп төнген соң, төңіректі жаңғырта қиқулап, құтылып кету бәрібір екі аяққа байланысты екенін ойламай, пайдасы аз болса да, қанаттарын сабалап, жол жиегіне жанталаса шығып жатыр. Енді бір ширек сағаттан соң, қаланы қырқалар көзден тасалады да, төңіректегі мүлгіген тыныштыққа машинаның гуілдеген үні бүлік салып келе жатты. Түнгі жауыннан рахаттанғандай, қарлығаштар машинаның жанынан оқша зулап өтіп, енді бірде аспанды тілгілеп, әртүрлі өрнек сала ұшып жүр. Ал одан жоғарырақта қанатын асықпай қағып, үлкен қарақұс әлдеқайда өз «шаруасымен» кетіп барады. Жерде не болып жатыр онымен оның ісі де жоқ, тіпті білгісі де келмейтін сияқты. Бұлт арасынан, сығалай қараған күн сәулесі, кабинада отырған жас жігіттің бетін қытықтап өткендей болды. Түні бойы ұйқы көрмесе де, шаршағандық нышанын жүзіндегі қайраты бүркемелеп тұрғандай. Дөңгелек лақтырған балшықтар бірінен соң бірі аспанға көтеріліп, халі біткен соң, жол жиегіне түсіп жатыр. Жол азабымен арпалысып келе жатқан жас жігіттің көзіне бір кезде алыстан қарайған нүкте көрінді. Әбден жақындағанда барып, нүктенің жол үстіне көлденеңінен шоңқиып қалған машина екені анықталды. Біздің жігіт кабинадан басын шығарды да, машинаның мүшкіл халіне жаны ашығандай, әрі өкінгендей соза бір ысқырып: — Қашаннан бері мұндасың? — деді. — Үш сағаттан бері. — Тросың бар ма? — Мынадан басқа ешнәрсе жоқ, – деп жігіт тот басқан 3-4 құлаштай сымды көрсетті. — Мынауың түк те болмайды, баланың ойыншығы, дегенмен байқап көрейік, — деп ол машинасынан түсіп, дөңгелекке төне қарады. — Балоның да жарылып кеткен бе? — Қас қылғанда қос қырсық қабат келіп тұр. Тіфу, итшілік-ай! — Ағай, мұнда да бір трос жатыр ғой, — деп саңқ еткен нәзік дауысқа жалт қарағанда, біздің жігіттің көзі қолында дөңгелек етіп оралған жіңішкелеу трос ұстап тұрған, жасы он жетілер шамасындағы ақ құба қызға түсті. Жаңа келген жігіттен ұялғандай бетіне қаны лып етіп ойнап шыға келіп, жанарын жас жігітке бір тастады да, «сәлеметсіз бе?» дегендей басын жай ғана изеп, тросты әкеп табыс етті. Екі жігіт әлденеге абдырасып қалды. Әсіресе, біздің жігіт алғашқы кезде қыз қолынан алған тросты түсіріп ала жаздады. Оның уылжыған ажары мен қара бұлтты қақ жарып, найзағайдай жарқ еткен жанары, жас жігіттің жүрегін дір еткізіп, сол жүрек