түбіндегі бозбалалық сезімін желпіп өткендей болды. Ақырында олар іске кірісіп кетті. Тот басқан сымды үш қабаттап машинаға жалғады да, алға қарай жаймен итініп барып, солқылдата жұлқи тартты. Екеуі де құлақ тұндыра гүрілдеп, үлкен-үлкен балшықтарды аспанға оқша атып жатыр. Үш қабат сым бір кезде борт кетті де, артқы машина арлы-берлі теңселіп барып, баяғы орнына қайтадан жайғасты. Олар сымды екінші рет жалғағанмен бәрібір пайдасыз болып шықты: бір сілкігенде-ақ бытырлап үзіле берді. Қыз әкелген трос та 3-4 жұлқығаннан әріге аспады. — Ал енді, белбеуімізді жалғамасақ түк те қалған жоқ!– деді мұртты жігіт ызалана, жерге бір түкіріп. – Енді не істейміз? — Әлде де бір жол бар, саспа, жігітім, бірақ ол ауырлау соғайын деп тұр. Әйтсе де тәуекел етеміз бе? — Ол қандай жол? — Мына менің машинамдағы шифердің бәрін түсірейік, соның астында трос та, балон да бар, жарай ма? –Жігіттің бетінде қуаныш нышаны күлім қақты. Балшық-балшық қолын қағып-қағып жіберді де: — Темекің бар ма, сонан соң кірісейік? – деді. Олар үлкен кенепті анадай жерге апарып төсеп жіберіп аздап демалуға отырысты. Олардың қасына қыз ұяла басып келді де, қолындағы қағаздарын ашып, бұлардың алдына тамақ қоя бастады. — Сіздер шаршадыңыздар ғой, тамақтанып алыңыздар,– деді ол екеуіне кезек қарап. Мұртты жігіт тамаққа бір, баттасқан қолына бір қарады да күліп жіберді. Сонан соң: — Иә, тамақ жеп алсақ та теріс болмайды екен-ау, тұр, жігітім, қол жуып келейік, – деді ол орнынан көтеріліп. Бірақ біздің жігіт қолын жуып келіп отырғанын, сөйтсе де тамаққа тәбеті жоқ екенін айтты. Мұртты жігіт өзіне қарағанда әлдеқайда көрікті жігіттің қыз қасында қалып қоюын ұнатпағандай, екеуіне бір қарады да, машина жаққа кетті. Ол ұзап кеткен соң біздің шофер қыздан көз алмай қарап отырды да, бетін басқа жаққа бұрып алып: — Сіздер көптен таныссыздар ма? – деді даусын мейлінше жайбарақат ұстауға тырысып. — Бір колхозда тұрамыз. — Оған көп болды ма? — Төрт жыл. — Сіздің атыңыз кім болады? Қыз мынадай оқыс сұраққа не айтарын білмей, біраз мүдіріп қалды. Дегенмен жауап беруге тура келді. — Дүрия, — деді ол бәсең дауыспен. Жігіт темекісін тастады да, қызға жалт қарады. Бұлт арасынан сығалай қараған күн сәулесі Дүрияның аппақ беттерін бұрынғыдан да көріктендіре түскендей болды. Оның жалғыз тал етіп өрген шашы алдына түсіп, осынау сұлулыққа өз үлесін қосып тұрғандай. Жігіт жанары қызға да жеңіл тимесе керек, ол төмен қараған бойы, үнсіз де қимылсыз қалыпты. Әріректе мұртты жігіттің шелектерді сақырлатып жатқаны бұларға анық естіліп тұр. — Сонымен, сіз танысуға қарсы болмайсыз ба? — деді жігіт жауап күтпестен жақын отырған