қызға қолын созып. Осы кезде барып Дүрия жігіт жүзіне үлкен қара көздерін бір тастады да, оған қолын ұсынды. Жігіт оның мақтадай үлбіреген саусақтарын езіп алармын деп қауіптенгендей жаймен ғана қысты. «Мақсұт» деп батылсыз күбір етті. Бұдан кейін екеуі де үнсіз қалды. Осы кезде мұртты жігіт бұлардың қасына келді де, қыз алдындағы колбаса мен нанға ашқарақтана көз тастап, періштедей сұлу қыздың алдында өзін ешнәрседен қымсынбастан, еркін ұстайтын дәрежеге жетіп қалғанын көрсетпек болғандай, Дүрияға жанаса келіп отырып: — Тамағың дайын ба? — деді аяғын созып жіберіп. Ол қыздың ұнатпаған пішініне назар да аудармады. — Сіздер неге үндемейсіздер, таныстыңыздар ма? Япыр-ау, мен де сенімен таныспаппын ғой, «Хасен» — деді ол Мақсұтқа қолын созып. — Ал енді Мақсұт екеуің танысыңдар, менімше танысқанда тұрған дәнеңе де жоқ. Қымсынба! — деді Дүрияға қарап. — Біз таныспыз, – деді Дүрия Мақсұтқа күле қарап. Хасен жігітке көзінің астымен бір қарады да, тамақ жеуге кірісті. Мақсұт екі жұмыртқаны аршып, бірін қызға ұсынды да, екіншісін өзі алып, оны жеп бітірген соң екінші рет дастарқанға қолын созғанда, осыншама колбаса мен жұмыртқаның соншалықты тез таусылып қалғанына қайран қалып отырған Хасенге көзі түсті. Шынында да, газет бетінде нанның қиқымдарынан басқа ештеңе қалмаған еді. — Бәрін де өзіңіз тауыстыңыз ба? – деді Мақсұт. — Қайдам, — деді Хасен өзі де түсінбей. — Е, білмей қалғансыз ғой онда. — Жоқ, бәрін де мен жеген жоқ сияқты едім… — Тағы да жесеңізші онда. — Жоқ! Бірақ мен оны сенен сұрамаймын! — Оның бетінде ашу үйіріле қадды. Дүрия Хасеннің шарт етпе мінезіне ренжіп қалды да, Мақсұттың жүзіне көз тастады. Хасеннің өзінше шағып айттым-ау деген сөзі. Мақсұттың көңіліне келу былай тұрсын, қайта оның өзіне қарап жайдарылана күліп отырғанын көріп, ол да езу тартты. — Ал, Хасен, іске кірісеміз бе? – деді Мақсұт осы уақытқа дейін теріс қарап үлгерген оған. — Асығу керек, бүгін түске дейін сонда болуым керек еді, кірісейік, – деді ол орнынан атып тұрып. Хасеннің құйындай ұйтқыған мінезіне таңданған Мақсұт басын бір шайқады да, машинаға қарай жүрді. Сонан соң олар машинаның үстіндегі шиферларды түсіре бастады. Дүрия машинаның ішінде әлденелерді жиыстырып жүр. Оның сұлу тұлғасы кабинаның ашық есігінен анық көрініп тұр. — Мақсұт, – деді Хасен бір кезде оған қыз жақты иегімен мегзеп: — Менің болашақ қалыңдығым! — Оның бетінде мақтаныш сезімімен астасқан «енді қайтесің?» — дегендей жасанды сұраулы пішін үйіріле қалды. Мақсұт мына сөзге сенерін де, сенбесін де білмеді. — Оны сүйесің бе? — деді оған төне түсіп. — Әйтпесе ше! — Ол ше? — Ол