да. Сұлу ма, қалай? Шынында да, Мақсұттың бойын дәл осы кезде әлдеқандай қызғаныш билеп кеткен еді. Оның қарсы алдында тұрған мына, мешкей жігіттің өзіне қарағанда әлдеқайда бақытты екенін түсініп, өзінің ондай қызға өмір-бақи қолы жетпейтіндей боп көрінді де, ауыр оймен арпалысып тұрып «иә, сұлу» деді күбірлеп. —Қой, әңгімені соза бермейік, сен аңырып қалдың ғой,— деді Хасен жұмысқа кірісіп жатып. Олар шиферді түсіре бастады. Бір кезде Дүрия бұларға жақындап келді де: — Мен сіздерге қандай көмек беруге жарар екенмін?— деді жайдары үнмен. Мақсұт оған бір қарады да, үн қатпады. Тек ерекше бір қайрат біткендей, Хасеннің терін сүртуіне де мұршасын келтірмей, шиферларды үсті-үстіне әпере берді. — Дүрия, мұнда кел, мыналарды бір жерге қаттап қоя бер, — деді Хасен оған шифер әперіп жатып. Олар үшеу болып жұмысқа кірісті. Түні бойы түнерген бұлт, енді ашуы тарқағандай бірте-бірте ыдырай көшіп барып, әлдеқайда жоғалып жатты. Кеңістік шымылдығы ашылып кеткеніне қуанғандай, ерке күн көкшіл аспан аясында бәз баяғы қалпымен дөңгелене жүзіп бара жатыр. Мақсұт Дүрияның тікенектей, қатқыл шиферге созған үлбіреген нәзік саусақтары мен сұлу жүзіне, кей-кейде мөлдіреген жанарына әлсін-әлсін көз тастаумен болды. Бірақ көзбен көз түйіскенде екеуі де жанарын басқа жаққа еріксіз тайдырып отырды. Олар жұмысқа қызу да қауырт кіріскендіктен бе, әлде әрқайсысын өзінше ой шырмауы матап алғандықтан ба, әйтеуір шифердің түсіріліп болғанын бір-ақ білісті. Сонан соң олар көп кідірмей-ақ, тросты машинаға жалғады да, істі тез аяқтауға кірісіп кетті. Мақсұт Хасеннің машинасына отырып, бар қайратымен стартерді басып қалғанда, суынып қалған мотор қақалып-шашалып барып «дүр» ете түсті. Сонан соң ышқына тартқан машина шиферларды қаусатып барып, соңғысын терең қазбадан суырып алып шықты. Олардың, әсіресе дәл қазір Хасеннің қуанышында шек жоқ еді. Күн ұясына қарай еңкейіп бара жатты. Сондықтан олар енді балон ауыстыруға кірісті. Тот басқан гайкаларды әрең дегенде шығарып болған соң, көп ұзамай жаңа балон да салынып бітті. Мақсұт аздап тынығайын деген оймен өз кабинасына отырып темекі алып тұтатты. Хасен машинасын оталдырды да, өшірместен бұған жақындады. Оның әлденеге батылсызданып, сипақтап тұрғанын аңғарған Мақсұт, кабинаның есігін ашты да: — Иә, не айтпақсың, Хасен? — деді. Ол бар батылдығын жинап алған болды да: — Саған көп рахмет, Мақсұт, маған жүре беруіме бола ма, асығыс едім, бастық түске дейін,… ім… жет, – деген еді, – бұған қалай қарайсың? – деді күмілжи сөйлеп. Хасеннің тап мынадай зымияндығы Мақсұттың ызасын келтірді. Мақсұт одан мұны мүлде күтпеген еді. Әйтсе де ол, қайтер екен деген оймен: — Жарайды, өзің біл, — деді. Ешнәрседен тайынбайтын Хасен бұл келісімге мейлінше риза болған кейіппен ыржия күлді де: — Мынау