балоныңның ақшасы, барым осы еді, — деп, оған жиырма сом ұсынды. Ашуға булыққаннан не дерін білмеген Мақсұт, кабинадан атып шығып, қолындағы ақшасын жұлып алды да, оның бетіне салып жіберді. — Кет, жоғал,сілімтік, батыр қараңды! — деді оған тап беріп. Сонан соң темірдей жұдырығымен оны салып жібергенін өзі де сезбей, Хасеннің өз машинасы шыққан шұңқырда жатқанын бір-ақ көрді. Оның олай етпеске де амалы жоқ еді. Мақсұт оған назар да салмай, машинасына қарай жүре берді. Хасен сауыс-сауыс боп орнынан тұрды да, Дүрияға жақындап: — Отыр, кеттік! — деді дауыстап. Қыз мынадай өктем дауысқа жалт қарады да: — Адамшылығың қайда еді, — деді даусы дірілдеп. Бірақ Хасен оны естімеді. — Естіп тұрсың ба, кеттік! — деді Хасен қайталап, әлінше бойға сыймаған ашуын кімнен аларын білмей. Мынадай сөз, қыз жанына бата тұрса да, бөгде жігіттің қасында қалып қоюды лайық көрмей амалсыз барып кабинаға отырды; мүмкін ол, Хасен үйіме бейтаныс жігіттің қасында қалды деп айтып барады деп қысылған шығар. Бір минуттан соң машина орнынан ауыр қозғалды да, біраздан соң қия беттен әрі асып, көзден ғайып болды. Құлаққа ұрған танадай-ақ төңіректі өлі тыныштық қаптап алды. Көгілдір түсті шиферлар шашылып жатыр. Олардың арасынан қарайып Хасеннің жыртық балоны көрінеді. Өзін ақымақ етіп тастап кеткен Хасеннің ызасы Мақсұттың ішіне сыймады. «Мен мейлінше ақымақ болдым», — деді ол күйініп. Дауысы еріксіз шығып кеткенін өзі де сезбеді. «Сұлу бикеш, сен де менің ойлағанымдай болып шықпадың ғой», — деп ол темекісін тартылып бітпесе де ызалана лақтырып жіберіп, төбе болып үйіліп жатқан шиферлардың қасына келді. Сонан соң оларды машинаға қайраттана тией бастады. Күн батып, кешкі қараңғылық бірте-бірте қоюлана түсті. Мақсұт бетінің сорғалаған терін де сүртпей, шиферларды машина үстіне дамылсыз тиеумен болды. Ол: «Күн кешкіріп қалды-ау, мынаның бәрін қай кезде бітіремін» деп әсте ойланбады. Осы кезде әлгі қияның басынан бері қарай ымырт қараңғылығымен ағараңдап жүгіріп келе жатқан әлдекімге көзі түсті. Ол келе жатқан Дүрия екенін бірден таныған Мақсұттың жүрегінде ерекше бір қуаныш сезімі тасып, қолындағы шифері түсіп кетіп, аяғын жаншып жібере жаздағанын елемеді де. Мақсұт оған қарсы жүгірді…