жиендерінің соншалықты тез, әрі күтпеген жерден кетемін дегеніне өкіне-өкіне түнгі ұйқыға аттанысты. Жүсіп көз іле алмай, шоқ бұлттардан сүңгіп өтіп, батысқа қарай безектеп бара жатқан айға қадалған бойы ұзақ жатты. Өзгелердің бәрі де өлі ұйқыда. Анасының қасында жатқан төрт жасар бала ғана анда-санда суда ойнаған шортандай аунап түсіп, қайтадан тәтті ұйқыға кетеді. Жүсіп осында келгеніне барынша өкінді. Дәл қазіргі оның ойындағы нәрсе– Айзамен қайткен күнде бірге болудың ретін іздестіру емес, керісінше, оны қайткен күнде ұмытудың амалы еді. Ленинградқа қайтып барған соң мүмкін, ұмытармын деп ойлады ол іштей аһ ұрып. Барлық уақиғаның төрешісі – уақыт қой. Тізгінді соған тапсырудан басқа амал қалған жоқ. Ол ақырын Айза жаққа бетін бұрды. Айза баяғы қалпынша әлі жатыр. Осыдан соң Жүсіп біраз жатты да, тыныш бір ұйқыға кетті. Көзі жұмылған соң-ақ ол Айза туралы түс көрді. Түсінде олар дәл баяғы көкмайсаның үстінде отыр екен. Жүсіп оған қарап ешқандай тіл қата алмай, тек Айзаның қап-қара шаштарын алақанымен сипалай береді. «Кешір мені, Айза,–дейді ол – басқа не істеуім керек, сен ақыл қосшы». «Мен де білмеймін ағажан,– дейді ол да. –Сіздің келмей-ақ қоюыңыз керек еді». Бір кезде Жүсіп бар батылдығын жинап, Айзаның көйлекшең денесінен құшырлана құшақтады. Айза бұлқынады, бірақ, Жүсіпті өзі де босатқысы келмейді. «Біз не істедік ағатай, өлім ғой бұл, олардың бетін қайтып көреміз?»,– дейді ол Жүсіптің жүзіне үрейлене қарап. «Білмеймін»,– деп жауап береді Жүсіп. Сөйтеді де, оны үстін-үстін сүйе береді. «Сіз бұл жаққа неге ғана келіп едіңіз, ағатайым?,–дейді ол Жүсіптің құшағынан босаған кезде. –Сізбен айырылысу маған қандай ауыр тиеді десеңізші енді. О, құдай-ай, біздің туысқандығымызды өзге де емес, өз жүрегіміз неге ұғынбайды екен. Неге ғана орындалмас арманға алақан жаяды екен!» Осыны айтып ол өзіне-өзі сыймағандай булығып жылап жібереді. «Жыламашы Айзажан, мейлі, бізді алдымызда әйтеуір бір тағдыр күтіп тұрған шығар. Сонан соң біз апат болармыз. Бірақ, сен туралы мен ақтық демім қалғанша ойлап өтермін»–деп Жүсіп оны тағы сүйеді. «Қоя берші ағажан,–дейді Айза әлсіз қарсылық көрсетіп. –Әні, Нұртөлеу ағайым келе жатыр. Ағатайым-ау, сорладық қой біз. Оның бетіне не деп қараймыз масқара болдық қой,–деп Айза тағы да егіліп жібереді. Жүсіп шошынғаннан орнынан атып тұрады… Осы кезде оның өзі де жастықтан басын көтеріп алды. Жүрегі кеудесін жарып шығардай тарсылдап жатыр екен. Алқынғаннан қара су болып терлеп кетіпті. Ол сол сәтте-ақ Айза жаққа қарады. Ол көрпесін алқымына дейін ысырып тастап, айға бетін бұрған қалпы ұйықтап жатыр екен.