ЕҢ БАҚЫТТЫ ТҮН

Оның аппақ беттерінде ай нұры асыр салып, бұрынғысынан да көріктендіріп жіберіпті. Жүсіп бетін басып біраз жатты да, саябырсыған жүрегі неге екені белгісіз қайта тулап, өн бойының бірде ысып, бірде мұздап бара жатқанын сезді. Айза өзінен қол созым ғана жерде бейкүнә сәбидей ұйқыда жатыр. Көрпенің бір шетіне жаймен ысырылып, Жүсіп оған жақындады да, тулаған жүрегін ұстап алғысы келгендей, қолымен кеудесін басып біраз жатты. «Жоқ, бұл менің қарындасым ғой, мен қандай қылмысқа дайындалып жатырмын?–деді ол өзіне-өзі. –Мұның арты не болмақшы!!! –Неткен азап, неткен жан азабы бұл!– деді ол, даусының шығып кеткенін де байқамай. Бірақ, ешкім ояна қойған жоқ. «Ертең бұл жерден кетемін, Айзаны мәңгі-бақи көрмеймін,– деді тағы да ол іштей. –Сондықтан оны… жоқ… Я, бір-ақ рет сүйейінші. Бұл – онымен ақтық рет қоштасуым болсын!» Әлдекім қимылдамай ма екен дегендей, ол жан-жағына бір қарады да, бәрі ұйқыда жатқанын көріп, Айза жаққа ақырын қолын соза түсіп, дірілдеген саусақтарымен оның мақтадай үлбіреген жып-жылы бетін сипалады. Сонан соң оның оттай ыстық еріндерінен құшырлана сүйді. Айза біраз булығып, көзін ашып қалды да, нәзік саусақтарымен Жүсіптің шашын бір-ақ рет тарап қарсылықсыз жата берді. Мүмкін, бұл – сүйікті жиен ағасымен ең бірінші, ең соңғы рет ешқандай күнәсіз ыстық сүйісу екенін, оны енді мәңгі көрмейтінін Жүсіп сияқты ол да білген шығар.  Жүсіп басын көтеріп алды да, созылған кеудесін төсегіне қайта жинап алды. Осы түн – өзіне бүкіл өмірінің ішіндегі ең бақытты түні болатынын ол жан-тәнімен сезініп, ыстық сүйістің ләззатынан мас болғандай қимылсыз жатты. Айза сол баяғысынша қимылсыз. ..Таң атқан соң Жүсіп жүру қамына кірісті. Және де бұл үшін көп дайындалмай-ақ аттанып та кетті. Жүрер алдында Айза әжесіне келіп: –Әже, ағам қандай жақсы адам еді. Қараңызшы, енді бізді тастап кетіп бара жатыр. Өте тез қайтты ғой,– деп көзіне төңіректеген жасты көрсетпеу үшін, әжесінің мойнына дәл баяғы алты жасар кезіндегідей асыла кетті. Онсыз да  жылағалы тұрған Айғаным, кемсеңдеп қоя берді. Айзаның жоғарыдағыдай сөзінде қандай мән жатқанын Жүсіптен басқа ешкім аңғармады. Сөйтіп олар қош айтысты. Қоштасқанда бір-бірін сүйетіндіктеріне көздері жеткен соң ғана қоштасты. Әңгіме осымен бітті. Олар бұдан кейін кездесе ме, кездеспей ме, оны уақыт көрсетер. Ал бірақ, дәл кешегі айлы түн – олардың ең бақытты түніндей, естерінде ескірместен мәңгі сақталатын болады.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11