ЕҢ БАҚЫТТЫ ТҮН

үйді сансыз бұтақтар шамасының келгенінше шетке ысыра салғанда, ызаланған үй кеудесінің кеңдігіне жазып ары өте алмай, орман шетіне  барып, итеріскен бойы қалып қойған тәрізді. Ал, дәл осы үйден басталып созылған көкмайсалы жазық дала тартқан сымдай керілген көз ұшындағы көк жиекке барып бір-ақ тіреліп тұр. Жүсіп өзінің осыншама табиғаты тамаша жерге тап келгеніне, әрі біраз күн болатынына алғаш көргенде-ақ қуанса да, әйтеуір бір кезде осылардың бәрімен қош айтысатыны есіне түсіп, сол минутта іштей мұңайды да. Арада  бес минут өткенде жиен мен нағашылар шұрқырай табысып, әркім өз сағынышының салмағына қарай, біреулері көзіне жас алды, біреулерінің қолындағы кесесі ұшып кетіп тас-талқаны шықты, енді бірі табақтың ернеуінен басып қалып, ішіндегі сүтін ақтарды. Әрине, бұл қимылдың бәрін де ешкім байқаған жоқ, тіпті ұялмастан, екі қолын қайда сыйғызарын білмей, бар адамнан оқшауырақ тұрған Айза да сезбеді. Ағасын алғаш көргенде ең бірінші рет не деп айтарын, онымен қалай амандасарын, тіпті осы қимылдардың қандай жолмен жасалу керектігінің ең кішкене жақтарына шейін ол күнібұрын тәуір-ақ дайындалған еді. Бірақ, оның құрған жоспары орындалар шаққа жеткенде өзіне де сезілмей, сыпайы түрде ойсырап қала берді де, анау шапырласып жатқан жандармен араласып кеткендей болды. Осы кезде барып ол ағасының:      –Айза, саған не болған, ағаңмен неге амандаспайсың?– деген дауысын естіді. Нұртөлеудің бұл үнінен, оның қылығына айтарлықтай ризалықтың лебі есіп тұрмаса да, қарындасын соншалықты еркелететіндіктің, сонымен бірге, кінәні екі жаққа да тең бөліп тастағандықтың белгісін аңғаруға болатын еді.       –Мұным әдепсіздік болса кешір, ағажан. Сыртқары тұрсам да ішімде салмақты сағынышым бар шығар, ары кеткенде сонымды соңына сақтаған болармын,– деді Айза Нұртөлеуге күлімсірей қарап. Сонан соң, жылдам басып келіп, он екі жылдан бері көріспеген ағасымен қол алысып амандасты да «амалым бар ма, сағынышымның жеткен жері осы болды»– дегендей Жүсіптің жүзіне ұяла бір қарап, ер балалардай Нұртөлеудің  жанына жүгіне барып отыра кетті. Енді біз, құштарлықпен қауышысқан бауырластарды сол күйінде қалдырайық та, әңгімемізге үш күннен соң оралайық. «Жұрттың бәрінен бұрын оянған шығармын» деп орнынан сақтықпен көтерілген Жүсіп, киіне бергенде, өзімен бірге қарт әжесінен басқа ешкімнің қалмағанын көрді. «Япыр-ай, бұлардың ұйқысы қайда? Құс боп кеткеннен сау ма?–деді ол таңданып. – Шаршау дегенді тегі ұмытқан шығар өздері». Даланы түгел  жарық жайлағанмен, қанша тырысса да күн әлі көкжиектен иек арта қоймапты. Шығыс жақ ұйқысынан енді оянып, сұлулықтан алдына жан салмайтын кербез актрисадай, алтын нұрға бөленген таяқтай кірпіктерін енді-енді көтеріп келеді. Жүсіп иығына пижамын жамыла салды да, тап-таза салқын ауаны мейірлене жұтып, тоғай арасына беттеді. Әлі де қаракүңгірттеу ағаш арасында жан

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11