сезіміңді кереметтей рахатқа бөлейтін мүлгіген тыныштық. Қайдан екені белгісіз, анда-санда қырғауылдардың әсем тыныштыққа сән бере «құрр-құрр» еткен үндері естіледі. Жүсіп тізе бойы ұйыса өскен қалың шөптерді құмарлана кешіп, біршама уақыт жүрген соң, «уай, табиғаттың бар сұлулығы, кел, құйылшы менің кеудеме!»дегендей бір тораңғылдың түбіне көкірегін ашқан бойы келіп құлай кетті. Ол осылайша ағаш жапырақтарының арасынан көрінген көгілдір аспаннан көзін алмай ұзақ жатты. Мүмкін оның жан дүниесіне құйқылжыған сезімдердің құйылуы, болашақ композитордың жүрек түкпірінде сазды бір ән болып, дүниеге қайта туу үшін әрекет жасап, мың тыпыршып, жүз аунап жатқан шығар. Жас жігіт өзінің қанша уақыт жатқанын, тіпті кері қайтудың керектігін де мүлде ұмытып кеткен сияқты. Бір кезде ол бас жағынан сыбдырлаған адам аяғының дыбысын естіді де, сыбдыр шыққан жаққа көз тастады. Бұл келе жатқан – жасыл жібек көйлегі көк шалғынға оралып, бір өрім шашын алдына еркелете лақтыра салған, қолына сүлгі мен сабын ұстаған Айза екен. Ол ағасына, орманға, тіпті осынау дүниенің бәріне еркелегендей күле сөйлеп келе жатыр. Өмірде бой жету бар да, бой жете білу тағы бар ғой. Мұның біріншісі – сен талпын, талпынба, ақылды бол, кеще бол – бәрібір бой жетесің, өсесің. Өзіңнің бой жеткеніңді түсініп, салиқалы болуға тырысасың да, өмірде көрген-білгені көбірек кексе әйелдердің айтқанын ұйып тыңдап, «осы қалай болар екен?» дегендей әр жігіттің тамырын бір басып жар таңдайсың. Ал екіншісі – бейкүнә бойжету. Ол тіпті өзінің өскенін де байқамайды: сәбидей аңқау, сәбидей таза. Бірақ олардың сол кіршіксіз таза жүрегінде ешқандай күш төтеп бере алмайтын махаббат сезімдері өзіне де сезілмей өсіп келе жатады. Ондай қыздар, атай көрмеңіз, ешқашан да жар таңдайын деп ойламайды, бірақ, ғашық болып қалғанын да сезбейді. Бұл бірінші махаббат сәтті болсын, сәтсіз болсын, оның есінде мәңгі сақталады. Ондай тәтті сезімдерді, ол өмірінің соңғы минутына шейін кездестіре алмайды. Олар құлай сүйеді, арманына жетпесе апатқа ұшырайды. Сондықтан олардың махаббаты тек еркелетуді ғана сүйеді. Айза бойжетудің дәл осы екінші сатысында еді. –Ағатайым-ау, сіз адасып кеткеннен саусыз ба?– деді Айза оған жақындап. –Сенің мені ес білмейтін сәбилер тізіміне қосқыңң келеді-ау, қарындасым. Қалай адаспақпын! –Оп-оңай. Айтыңызшы, адасып кету қаупі сіздің ойыңызда болды ғой, – деді Айза сықылықтай күліп. –Жоқ. Ешқашан да. –Олай болса, сіз газеттің қиындысын мына әр жерге неге тастап отырдыңыз? Айза қолына бір уыс қып жинаған қағаз жыртындыларын көрсетті. Жүсіп ұялғанынан қызарып кетті де, онысын қарындасына сездіріп алмауға тырысып, төмен қарады. Шындығында, ол солай еткен еді. –Сіз, расында