да сәбише мұңаяды екенсіз. Менің айтпағым бұл емес еді. Сіз неліктен тоғай ішінде көп жүруді ұнатасыз? Кеше де дәл осылай еттіңіз. Сіз осы, ақын емессіз бе? –Жоқ,– деді Жүсіп оған қосымша ретінде басын шайқап, –бірақ, енді біраз жүрсең табасың. Айза біраз үнсіз тұрды да, Жүсіпке кенет жалт қарап: –Тоқтай тұрыңызшы!– деді көздерінде қуаныш оты жарқылдап,– сіз сонда не суретші не композиторсыз ғой?! –Соңғысы шындыққа жақынырақ шығар. –Ағатай! Сонда сіз ән де, күй де, бәрі-бәрін жазасыз, солай ма? Айзаның жас баланың қимылындай қимылына Жүсіп амалсыздан езу тартты да, «солай болғаны ғой»,– дей салды. Онсыз Айзаның аласұрған үмітін абайсызда үзіп кетіп, қуанышын су сепкендей басқан болар еді. –Енді сіз, менің туған жерім туралы ән жазасыз ба? Солай етіңізші, ағатай, құдай үшін! Ой, сонда мен қандай қуанған болар едім десеңізші! Әсте, мен сияқты қуанған адам сол кезде жер үстінде болмас. Осы тілегім орындала ма, айтыңызшы?! –Орындалады, қарындасым, оған шейін көп уақыт та қалған жоқ. –Шынымен бе? Жоқ, сіз мені келемеж қылып отырсыз. Өйтпеңізші ағатай, өтінемін,–деді ол жас балаша лезде мұңая қалып. Ұйқысынан жаңа оянған сәбидей, оның сұлу жүзіне, тіпті мұңаюдың өзі де көрік беретінін Жүсіп аңғарып қалды. –Нағыз шыным,–деді ол қарындасынан көзін тайдырып. Айзаның көзі бұрынғысынан да жайнай түсіп, «Осыныңыз рас па?» дегендей, оған қадала қарап, нағыз бақытқа кенелген адамша әрі сол қуаныштың толқуымен, Жүсіпті құшақтап алуға аз-ақ қалып тұрды. Жүсіп Айзаның өн бойындағы өзгерістердің бәрін де сезіп тұр еді. Енді бұдан былайғы минуттарда қарындасының шексіз мақтай жөнелетінін, сол мақтаудан туатын тұңғиық қолайсыздықтан өзін тысқары алып шығу үшін, ол әңгіме тізгінін кілт бұрып жібергісі келді де: Сендер қандай тамаша жерде тұрасыңдар, неткен табиғат еді!– деді жан-жағына қарап. –Ағатай,–деді бұған жауап орнына Айза жұп-жұмсақ жібек үнмен. –Айта бер, қарындасым. –Сіздің балағыңыз сонша неге тар? Жүсіптің денесі шымыр ете қалды, қойнынан жылан шыққандай атып тұрды да, мынадай тосын сұрақтың жауабынан тосылып не дерін білмегендіктен қысылып қалғанын сездірмеуге тырысып, әрі ол жолдың бірден-бір дұрыс жолы – ашулану деп тапты. Бірақ, бетіне адам келмей ерке өскен қыздың ойына не келсе соны айта салатынын, сонымен бірге, ол бұл сөзді ағасын пәлендей тұйыққа тірейін деген ниетпен сыртқа шығарылмағанын, ең соңғысы – өзінің қонақ екенін ескеріп, Жүсіп ашуланайын деген ойынан тағы да тайқып шықты. Ол Айзаға жақындады да: –Сабын мен сүлгіні маған бер де, өзің үйге