үйіріліп. –Кері қайтамыз ба? –Сүйтсек, сүйтейік. Олар кейін қарай жүрді. Бірнеше минуттан соң Жүсіп тағы да тұра қалып: –Айза,–деді,– біз неге шошынамыз, не істеп едік соншалықты? Айза ойланғандай сәл тұрды да Жүсіпке қарап: –Шынында, біз не істеп едік, неден қорқамыз!–деді оның сөзін қайталап. –Жүр, кейін кеттік!.. Олар екі-екіден дарбыз алып үйге жеткенде, қараңғы едәуір үйіріліп қалған еді. Бұлардың өздері соншалықты шошынғандарындай, жолда жолыққан Нұртөлеу де, қаракүңгірт үйдің ішінде шыдамсыздана күтіп алған Айғаным әжей де ешқандай күдіксіз қарсы алды. Керісінше, күнде кешке қауындыққа бірге баруға екеуі де еркіндік алды. Әрине олардың онсыз да бір жүруіне толық қақылары бар еді, алайда, әрқайсысының жүрек түбінде бұғып жатқан туысқандық қатынастан басқа бір нәзік сезім, екеуін қатынастың қандай түрінен болса да алшақтатып тұрды. Сол бір сезім оларды сүйіспеншілік пен туысқандықтың ортасында қалдырып қойды да, екі қасиеттің бірінің ең шыңына дейін өсіп-жетілуіне дәл соның өзі кедергі келтірді. Әйтсе де туысқандық пердесін жамылған ол сезім бара-бара буырқана өсіп, ерте ме, кеш пе, ол перденің тас-талқанын шығаратыны, артынша айықпас апатқа ұшырайтыны айдан анық еді. Дәл осы апатқа екеуінің де ақыры бір ұшырайтынын біле тұра, олар бейне бір соқыр адамша алға ұмтыла берді. Осы бір уақиғадан кейін Жүсіпті ауыр ой билеп алды. Ол ұзақ күндерді тоғай ішінде сенделумен өткізді. Кей күндері қолына мылтық алып, қырғауыл атуға шыққан болды. Бірақ, көңіл аударамын ба деп жасалған бұл айланың бәрі де амал болып жарытпады. Керісінше, осы бір қысқа ғана көзден таса болудың өзі оның Айзаға деген сағынышын арттыра түсті. –Қарындасым,–деді ол осындай кештердің бірінде, – саған берген уәдемді орындадым-ау деймін, тыңлап көрсең қайтеді. –Сіз ән шығарып қойдыңыз ба?–деді Айза орнынан атып тұрып. Қуаныштан ол дауысының шығып кеткенін де байқамады. –Солай болған сияқты. –Қане, орындап көріңізші. Жүсіп қолына баянды алды да, баяу үнмен мұңлы әнді бастап кетті. Оның жүрегі бейне бір ұстаз алдында сынаққа түсіп отырған мектеп оқушысындай тынымсыз дүрсілдеп тұр еді. Жүсіп өз шығармасының қарсы алдында тұрған тұңғыш сүйікті тыңдаушысына қалай әсер етіп келе жатқанын байқау үшін қарындасынан көз алмады. Айза әлдене есіне түсіп кеткендей, кей жерлерінде болмашы ғана езу тартты, кей жерлерде алысқа қадаған қарақат көздерін Жүсіпке бір тастап, ақырын ғана күрсінді. Жүсіп оның саусақтарының болар-болмас дірілдеп тұрғанын сезді. Әсте, бұл ән дәл өзіне арналып шыққанын ол байқаса керек. Ән біткен кезде Айза ештеңе деп тіл қатқан