шетінде жүрді де алды, қасыма жақындауды ойламайтын сияқты. Өстіп келе жатқанда топ қойдың құлқайыр жақтағы бөлігі дүр етіп бері лап қойды. «Қабылан, Қабылан, қой деймін, жындандың ба!» дедім айғайлап. Осы сәтте құлқайыр шетінде деңкиіп-деңкиіп жатқан екі саулықты көрдім. Төбе шашым тік тұрып, денем дірілдеп кетті. Ал маған қарай дүркіреп келе жатқан топ қойдың ішінен жұлдыздай ағып жүрген екі қасқырды көріп қалдым. Енді не істемекпін. Бір кезде «һ-ай-а» деп қалдым. Дауысым тарлан-тарлан, өзім де танымадым. Не істерімді білмей сабырым қашып тұрғанда, қасыма Қабылан жетіп келді. Ол да сезген екен. Әлгі ренішінен ештеңе де қалмапты. Екі көзіне от пен қайрат, онымен бірге үрей үймелепті. Менің аяғыма келіп бір-екі сүйкенді, сонан соң әлдене демек болғандай жалынышты көзбен қарады да, аузын ашып, қыңсылай ұлып қойды. Артынша сол жерге аунай кетіп, қарш-қарш құлқайыр шайнады. Әлі мұндай уақиғаға тап болмаған балаң төбеттің жүрексініп, сөйтсе де кеудесіндегі қайраты мен ашуы өн бойына тыншу бермей өзімен-өзі арпалысып жатқанын сездім. Мұндай сәтте ит баласы иесінің демеуіне мұқтаж-ақ болады. Қарап тұрар уақыт жоқ, не болса да әрекет ету керек! Қолыма жыңғыл таяқты қыса ұстадым да, алға қарай қозғалдым. «Қабылан, Қабылан» дедім дірілдеп. Ол қасыма жүгіріп келді. Өз дауысым өн бойымды дуылдатып ерекше бір батылдық сеуіп өткен секілді. «Қабылан, һайт, һайт! Қорықпа-қорықпа, бол жүгір!» Алдымен өзім жүгірдім. Мен жүгірген соң Қабылан қорқыныш дегенді ұмытып кетті. Жолбарысша атылып, шеткері сытыла берген екі қасқырға жетіп барды. Төбетті күтіп тісін ақситып тұрған арланмен Қабылан жеткен бойда ұмар-жұмар айқаса кетті. Сары тонның етегіне сүріне қабынып, ұзап кеткен олардың артынан ентіге басып мен келемін. «Құрқол болса да адамның аты адам, одан жасқанбайтын хайуан жоқ»,– деген әкемнің сөзі тап осы арада ойыма орала кетіп, қасқырлардың дегбірін алу үшін айғайды салып жүгірдім. Алғашқы қарқынмен едәуір алысқа ұзап кеткен қаншық қасқыр айқасып жатқан арланын көріп бері жүгіре берді де, далбақтап келе жатқан менен жасқанса керек, кішкене төбенің басына шоқиып отыра кетті. Мен Қабыланға қайрат бере айқайлап, алысып жатқан оның қасына келдім. Мен таянған соң қасқыр сытыла қашты. Бірақ, аяғына тісі батса керек, ақ қар қып-қызыл боп қалып жатты. Қабылан оны көп ұзамай қуып жетіп, аш белінен тістеп, сілкіп қалды. Арлан қасқыр аунап түсті де амалсыздан тағы айқасты. Бір кезде Қабыланның жайындай аузы оның құлағына ілікті. Төбет бар қайратымен жұлқа тартып қалғанда қасқардың оң құлағы жұлынып түсті. Арлан есеңгіреп сылқ ете қалды. Қабылан бұрынғысынан да өжеттеніп, өлгісі келмей арс-арс етіп, болмашы қарсылық көрсетіп жатқан бейшара қасқырдың тамағынан қарби тістеп сілкіп қалғанда қою күрең қанды бұрқ еткізді. Қасқыр ышқына бір «қаңқ»