ҚАБЫЛАН

етіп, қимылсыз қалды. Денесі қызып, ашу мен ызаға булыққан Қабылан оны баяғы жасанды қасқырдай парша-парша етуге кірісіп, өлі денені өжеттеніп жұлқылай берді. Менің таяғым алғашқы сілтегенде-ақ қақ бөлініп, өрт сөндірген адамдай әрекетімнен айғайым басым шығып, шолақ таяқты бағыт-бағдарсыз сілтеумен ғана жүр едім. «Қабылан, Қабылан, болды-болды, қой енді. Қабылан, жетер енді» дедім дауыстап. Қабыланның ашуы әлден соң ғана басылды. Арлан қасқырдың тоз-тозы шығыпты. Қабыланның көзі қанталап кеткен. Алғашқы жеңіске масаттанғандай ол тайқып шығып, менің қасыма келді. Үстінде сау жер жоқ, қан. Қасқырдың қаны ма, өзінің қаны ма, оны ажырата алмадым. Баяғы шоқиып отырған қаншық қасқыр сонда ғана есіме түсіп артыма жалт қарағанымда, оны көре алмадым. Мен үйге барып түйе арба жегіп келдім де, өлген қойлар мен қасқырды тиеп, Қабылан екеуміз кері қайттық. Қабылан қасқыр өлігінің жанында тыныш жата алмады. Сонан соң оны алашаға орап, түйенің үстіне, алысыраққа апарып байлап қойдым. Қабылан қатты шаршапты. «Қабыланым, батырым, ақылдым», – дедім оны маңдайынан еркелете сипалап. – Шаршадың ба? Демал, демала ғой енді». Ол маған дәл баяғы күшік кезіндегідей күле қарады. Көз жанарында екеуміздің таңертеңгі ашу-араздығымыздан із де қалмапты. Оны сол кезде ұрғаным үшін енді өкіндім. Онда түк те кінә жоқ еді ғой, ол тек бар болғаны ойнады, еркеледі. Менің әкеме ренжіп жүргенімде не шаруасы бар. Мен бұдан былай оны ешқашан ұрмауға, ренжітпеуге бекіндім. Қабыланның жаралы болғанын мен арбадан түсіп жатқанда ғана байқадым. Оның жатқан орнындағы орта кесенің аумағындай алаша үстіне қан сіңіпті. «Қабылан, –дедім. –Қабылан, мұнда кел. Қане, жақында». Одан бұрын өзім қимылдап, үстін сипалап көрдім. Оң жақ қолтығы ырсиып, қызыл еті көрініп тұр екен. Қасқыр тісі кере қарыс жерін сойып кетіпті. Ет қызуымен Қабылан оны байқамаса керек. …Оның жарақаты бір айда әрең жазылды. Егер Қабылан тыныш жатса, жеті-сегіз күнде-ақ бітіп кетер еді, бәріне өзі кінәлі. Өткендегі уақиғадан соң мына дүниенің тыныш емес екенін білді ме, түнемеге жортып тыншу көрмей шығатын болды. Байлап қойдық. Кішкентайынан шынжыр көрмей еркін өскен Қабыланға біздің бұл тәсіліміз пайда бермеді. Бір күннің ішінде ол жұлқынамын деп -ақ қара қотыр боп қатып келе жатқан жарасын жаңғыртып, қайтадан қанатып тастапты. Мен болмас деп босатқалы келгенімде, ырсиған жарадан қан сорғалап тұр екен. Жаным ашып кетті. Дереу апама айтып құрым киіз күйдіріп бастық, қаны тыйылған соң-ақ дәкемен мұқият таңып тастадық. Қабыланның өткен жолғы ерлігі бүкіл аймаққа тарады. Енді кейбір ауыл адамдары оған елігіп, күшік асыраса атын «Қабылан» деп қоя бастады. Ал әкемнің былтырғы ренжіп кеткен досы қыс ішінде қайта келді. Тағы сол тілегін көлденең тартты. Бірақ әкем ол жөнінде тыңдағысы да келмей үзілді-кесілді

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15