бас тартты. Екеуі біржола араздасып айырылысты. Көктем шығып, жер жібіген шақта, екі жылдан бері қоныс аудармай отырған біз осы жерден алты-жеті шақырымдай келетін Бақанас ойпаңынан барып орын тептік. Бақанас – көлдің аты. Суы мол да емес, аз да емес. Қыс –жауған қар суы, жаз– жауған жаңбыр, бәрі-бәрі осы жерге келіп үймелейді. Қырына алса аспанынан бір тамбайтын Қаратаудың аптапты шілдесінде бұл орын қойшылар үшін алтынға айырбастамайтындай еді. Түгін тартсаң майы шығып жататын, құнарлы да шүйгін-ақ жер. Майысқан сәуір мен зауза айының аралығында бұл маңайға өскен раң, боз шөп пен сасырдың арасынан ат тұсауға отырған кісі көрінбей кетеді. Көл жағасы адамға да, малға да жайлы. Міне, сондықтан бұл араға колхоздың кез-келген малшысы ынтық. Бірақ, бәрі бірдей келгенімен өріс тарлық етеді. Осыны ескеріп, колхоз басшылары Бақанас жайылымына малшыларды жыл сайын үш-үштен бөліп, кезек қондырып отырады. Биылғы кезек әкемнің досы Жаңабай деген шопан мен біздікі. Солардың ішінде бұл араға алғаш шаңырақ көтерген біз болып шықтық. Көл тұп-тұнық, айнадай жалтырап жатыр екен. Биылғы суы мол секілді, әсте ақырамашқа дейін тайыздамас. Үстінде ұшып-қонған үйрек пен балықшы құстар төңіректі жарасымды шуға бөлеп, әлі адам қоныстана қоймаған алқапты иемденіп алыпты. Бізден кейін әкемнің бұрынғы досы Беріш жетті артынып-тартынып. Ол өзінің қашанғы әдетіне басып тиісе келді. «Менен бұрын бұзыла көшкендегі мақсатың – жақсы жерді ертерек қамту ғой. Ол болмас, іргеңді әрірек ысыр, бұл екі жылдан бері мен уық көтеріп келген жер»–деп жүгін біздің үйдің жанына түсіре бастады. Жаратылысынан дауға жоқ әкем: «Беріш-ау, үй тіккен орның менікі деуің қай сасқаның бұл? Құдайдың жеріне адам ен салғанды қайдан көріп едің. Уық көтеремін десең Бақанастың басқа маңайы жетпей жатыр ма, әлде, жатқан түйені арбаңның оқтығымен әдейі сүйкеп отырмысың?»–деп қарсыласқан болды. Бірақ, «ары отыр, бері отыр» үлкен жанжалға айналатын болған соң: «Құрысын, бәледен машайық қашыпты» деп, әкем тыныш басын шудан аулақ алып шығуға тырысып, ол орнынан күншығысқа қарай тай шаптырым ысырылып қоныстануға кеңес берді. Сонымен Беріш Бақанастың біз таңдаған ең бір тамаша орнын көрер көзге күлді-көмеш көкірекпен жала қылып алды. Екі үй әрине ашу-араз тұрдық. Бір-бірімізбен араласпаймыз. Керісінше иттеріміз тату. Балалық шағын солардың арасында қалдырған Қабылан, ол екі төбетпен келген күні бір ырылдасып алды да, ұзақ иіскелеп қайта табысып кетті. Бақанасқа көшіп келгелі бері Қабыланның неге екені белгісіз қабағы ашылмай-ақ қойды. Қой соңында болсын, мейлі үйде болсын иегін алдыңғы аяғына қойып, ойланады да жатады. Өзі бұрынғысынан жадау тартып, жүні жығылып қалған секілді. Ауырып жүр ме екен деп те ойладық. Бірақ ауық-ауық ол көңілсіздіктен арылып, бұрынғысындай асыр салып ойнап кететін. Мен мұның мәнісін әкемнен