ҚАБЫЛАН

сұрадым. Ол кісі де көпке дейін түсінбей жүрді. Ал Қабылан кей күндері зым-зия жоқ боп кететінді шығарды. Түні бойы алаң боп шығамыз. Қабылан кейде түн жарым ауа, кейде таңға жуық келеді. Бір күні ерте далаға шықсам, есік алдында Қабылан тұр екен. Ұзақ жолдан оралғаны осы ғана болса керек, сауырына шейін шыққа малынып су-су болыпты. Мені көрген сәтте азықханаға қарай жүгіріп кетті де, ізінше қайта шықты. Өз көзіме өзім сенбедім. Қабыланның аузында тістеген малақайы бар еді. Менің жұртқа тастап кеткен ескі малақайым. Қабылан соны әкеліпті. Үлкен бір тапқырлық ерлік жасағандай масаттанып, екі көзі шырадай жайнап тұр. Қабылан иесінің реніші мен қуанышын салған жерден танитын еді. Сондықтан оның қасына жетіп бардым да, мойнынан құшақтай кетіп, аузындағы құлақшынды алдым. «Сен ақылдысың, сен данышпансың. Қабылан, Қабыланым менің» деп оның маңдайынан, құлағынан сипалай бердім, сонан соң ол қуансын деп кір екеніне қарамай тозығы жеткен малақайымды басыма кидім. –Қалай жараса ма екен, Қабылан? Ол менің бетіме, одан малақайыма қарады да басын қисаң еткізді. Мен оның барлық қимылын қалт жібермей бақыладым. «Қабылан осы малақайдың менікі екенін сезіп, ол малақайды «жоғалып» қалған жерінен тауып әкеп, иесіне табыс еткені үшін шынымен қуанып отыр ма екен?».Осы ой дәл қазір көкейімнен кетпей қойды. Қабыланның бүкіл қимылы мен көзқарасынан осы сұрағымды растағандай жаңа бір жауап алдым. Ол шын мәнінде қуанышты еді. Мен орнымнан тұрған кезде әкесіне үлкен бір көмек көрсетіп тастаған бала секілді масаттанып, жаңа өріп бара жатқан қойларға қарай шаба жөнелді. Қой бағуға ол әбден үйреніп алған. Кей уақыттарда түске қарай артынан барамыз. Ал Қабылан қойлардың бірде-біреуін шашау шығармай бағып жүреді. Асыл ит еді-ау, ол! Қабыланның түн ішінде қайда барып келетіндігі бізге осы оқиғадан соң анық болды. – Сонда, оның ескі жұртты сағынғаны ма?–дедім бір күні әкеме. – Солай болған ғой. – Апырмай, итте де ондай қасиет болады екен-ау! – Болады. «Ит тойған жеріне» деп жұрт көп итке теліп айтқан, ал Қабылан жүзден, мыңнан кездесетін қасиетті жалқы ғой. Оның өскен жерді сағынуы сондықтан. Қабыланның көшкен жұртқа барып келген күнгі көңіл-күйі осы ойымызды растап жүрді. Арада бір айдай өткен соң, жаңа қонысқа үйреніп жадырап қалған Қабыланның мінезі тағы жабырқаңқы тартты. Айналасы екі-үш күннің ішінде жүні жығылып, көз жанары солып шыға келеді. «Не боп қалды бұған тағы да. Көз тигіш бала секілді шікәмшіл болып алды-ау әбден!»– деді әкем оның қарсы алдында отырып. «Қабыланым, күшім. Не болды, а? Айтшы, қане, айта қойшы?!» Бірақ Қабылан «ештеңе айтпады», басын бір жағына бұрып, болар-болмас қана қыңсылап қойды. Әкем екеуміз бір-бірімізге үрейлене қарадық. Қаблан жеңіл-желпі нәрсеге қыңсыламайтын еді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15