–Астапыралла, бір бәле болған ғой бұған. Қабыланым, ақылдым, қиналып жатырсың ба, бір жерің ауыра ма сенің, Қабыланым, – деді әкем оның құлағынан қасылап. Қабылан мұндай еркелетуге қарсылық көрсетіп, басын тартып алды. Ол күннен-күнге жүдей берді. Тамақ ішуін де қойды. Қабыланға бөлек тамақ жасамайтын едік, біз не ішсек ол да соны ішетін. Егер сәл тұзы кем болса ол бір-екі сылпылдатып басын көтеріп алатын да «мыналарың жарамайды енді» дегендей шоқиып отыра кететін. Ол сондай еді. Бірақ, бұл жолы ешқандай тамақ атаулыға көңілін де аудармады. Бәрімізді көңілсіздік басты, қорқыныш биледі. «Шынымен ол өліп қалар ма екен?». Ауырып жүрген кезінде бір жаққа кетіп әлденеге ұрынып жүрмесін деп біз оны арнайы шартақ жасап байлап қоятын болдық. Бір күні оған тамақ құюға келсем, іші қабысып, инеліктей-ақ боп қапты. Бұрын қандай төбет еді шіркін, қор болған Қабылан-ай! Өстіп тұрғанда ол «қық-қық» деп екі-үш жөтеліп қалды. «Шынымен бе, япырмау, шынымен бе?!» Төбе шашым тік тұрып, денем дірілдеп кетті. Үйге жүгіріп кіріп, әкеме болған уақиғаны айттым. «Аһ, не дейді құдай-ау!»–деп ол кісі орнынан атып тұрып, шартаққа қарай жүгіре жөнелді. Біз келгенде Қабылан тағы бір-екі рет қақалды. «Нәлеті, иттің ғана баласы, кім болды екен, қандай ғана мейірімсіз болды екен!– деп әкем түтігіп кетті. – Ине тастапты ғой. Әлдә мейірімсіздер-ай! Қабыланға ине тасталыпты. Оның көз алдымызда таусылып бара жатқан себебі сол екен. Мұны кім жасағанын бәріміз жақсы білдік. Бірақ, көзің көрмеген соң қолыңмен қайтіп ұстарсың! Қайран, Қабылан-ай! Ертеңіне түске жақын Қабылан қыңсылай ұлып жұлқынумен болды. Оның аянышты даусын естігенде сай-сүйегіміз сырқырап, тыныш отыра алмай кеттік. –Босатшы, – деді әкем маған. – Байлау көрмеген төбет ішқұса болып та тұрған шығар. Өз еркімен бір жүріп қалсын. «Өз еркімен бір жүріп қалсын» деген әкемнің сөзі маған біз сұққандай әсер етті. –Сонда… ол… өле ме? Әкем үндемеді, тек иегін ғана мегзеп: «бар, босат» деді әлгі сөзін тағы қайталап. Мен Қабыланның қасына бардым. Ол мені көрген сәтте мұңын шақпақ болғандай қыңсылап қоя берді. Оның жанарында: «Ием-ау, айтсаңшы, не болды, не болды маған сендер менен гөрі әлдеқайда ақылды едіңдер ғой, не болды? Шынымен өлмекпін бе енді?» деген жалынышты да, үрейлі сұрақ үймелеп тұр еді. Байғұс төбет өзінің адамдар арасындағы қызғаныш пен алакөздіктің құрбаны боп бара жатқанын қайдан білсін» Шынжырдан босатқан кезде Қабылан үйді айналып жүгіре жөнелді. Бірақ онысы көпке созылмай жер бауырлап жата қалды да тағы қыңсылады. Осы кезде ол орнынан кенет тасыр-тұсыр тұрып жүгіріп барды да арс етіп әлденені лақтырып жіберді. Топ ете түскен жаққа қарап едім, серейіп жатқан байғұс сары мысықты көрдім. Лездің арасында жан