ҚАБЫЛАН

сол жаққа бір төңкеріп тастайды да қайтадан «ойға шомады». Оның осы көзқарасынан «көрмей жүрген доп дейсің бе, босқа шаршатудан басқа тигізер пайдасы жоқ», «сен лақ та секеңдеуден жалықпайды екенсің», «осы мысықта ес жоқ-ау деймін, қарап жүріп маған неге қарс жарылады да жүреді?» деген сезімдерді оқуға болар еді. Қабыланның жақсы ит боларын біз көзін ашқан соң-ақ білгенбіз. Әкемнің ет құдасы біздің кәрі төбетіміз былтырғы жылы боранда қасқырға жем болған соң қолындағы асыл тұқымды қаншығы жақсы күшік туса, жекжат пен жекжаттың ит пен мысық, пышақ пен тауық алмаспайтын қазақтың қараңғы ырымын біле тұрса да дәл осы жолы оны аттап өтіп, ең жақсы арлан болады-ау деген күшігін әкеп бермек болған. Итсіз қойшы – балғасыз етікшімен тең. Итсіз қой бағу, әсіресе, қасқыры жиі кездесетін Қаратау өңірінде мүмкін емес. Бір күні әкемнің құдасы қаншығының туғаны туралы қуанышты хабарды айтып келді. Екі күшік қана туыпты. Бірі қаншық, бірі – төбет. «Паһ-паһ жарықтық-ай! Екі күшік қана туғанын қараңызшы, әй өзі сирек кездесетін тұқым екен жарықтық!»деп әкем сол күні тамсанумен болған. Сауранбай (әкемнің құдасы) ол қаншықты осыдан жеті-сегіз жыл бұрын теміржол жағасынан аштан бұралып, бауырын енді көтеріп келе жатқан кішкене күшік кезінде тауып алса керек. Үйге әкеліп, ет, сүт беріп біраз күн асыраған соң ол кәдімгідей ит болады. Содан бері сол үйде қалған. Өзге қаншықтар секілді үш ай сайын 7-8 ден шұбырта бермей, жылына бір-ақ рет, екеу, біреу, ары кетсе үшеу ғана туады. Бауырын көтеріп, ана сүтіне жарып болды-ау деген шақта мен барып күшікті үйге әкелдім. Әкем малдан келген соң жас күшікті ары-бері айналдырып ұзақ қарады. Ол кісі жаңа туған мал болсын, мысық болсын, жас бала болсын көсеудей қолын көстеңдетіп уқалай беруді қашаннан қаламайды. Қолдың уы жайылып, өсірмей тастайды деп қорқады. Дегенмен алғашқы сынақ ретінде ол кісі күшіктің желкесінен ұстап аспанда ұзақ көтеріп тұрды. Міне, қазір, қазір қыңсылайтын шығар деп мен тағатсыздана күтіп тұрдым. Бірақ ол қыңқ етпеді. Қап-қара мөлдір көздерін ашып-жұмып, ештеңе сезбегендей әкемнің қолында үнсіз тұра берді. Сонан соң әкем оның құлағынан кезек көтерді. Сонда да қиналған үн шығармады. «Болғалы тұр екен. Арлан ит болады! – деп әкем сүйсіне орнынан көтерілді. – Атын не қойсақ екен? Тұмсығын қарашы, қабылан тұмсық емес пе, Қабылан қойсақ қайтеді?» –Қабылан?! –Иә, Қабылан. Қабыландай қайратты, қабландай айбатты болсын. Осы кезде күшік әкеме жалт қарады да, әкемнің ішек-сілесі қатып күле жөнелді. –Міне, міне, біздің Қабылан дегенімізді естіп жалт қараған жоқ па? Осы бойы Қабылан бола қойсын, бұл ат өзіне де ұнап тұр екен. Содан бері оның аты Қабылан болып кетті. Қабылан қыс

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15