бойы үй ішіміздің бір мүшесі сияқты бізбен бірге тұрды. Ол үйге аттап кірген сәттен бастап сары мысықтың өрісі тарылып, берекесі қашты. Асыр салған ойыны, пеш түбінде қаннен-қаперсіз ұйқысы, ішкен асы, сүрген тіршілігі, бәрі-бәрі де мағынасыз тіршілікке айналып, қыс бойы бір жадырамай-ақ қойды. Қабыланды көрген бетте белін бүкірейтіп, ұрысып кеп береді. Мысық бір тұтам бойына тығылған асқар таудай ыза-кекпен ұмтылады, ал күшік, өзіне біткен табиғи еркіндікпен мысықтың қыжырын одан бетер қоздыра түсіп ашусыз, зілсіз ұмтылады. Мысықтың мұндай арбасқан ішқұса өмірі Қабыланның құлағы кесілгенде ғана жадырап, үй ішінде еркіндеу жүретін болды. Көктем өтіп жаз келгенде Қабылан кәдімгідей төбет боп қалды. «Әуп-әуп» деген даусы да қомақтанып, жанарына айрықша бір жалт-жұлт еткен от үйіріле бастады. Енді ол бізбен бірге өріске шығып, қой бақты, кең даланың жайқалған ойы мен қырында балалық шағына ауық-ауық бой ұрып, кей сәтте көбелек қуды. Ол кітап оқып отырған менің жанымда бір аяғын аяғыма салып қойып үнсіз жататын. Осылай жата беру оны жалықтырады. Сол кезде ол екі танауын гу еткізіп, терең бір дем алады да, аяғыма асып қойған аяғын бейне бір әлдене айтқысы келгендей қозғап-қозғап қояды. Мен оған іштей сүйсініп, төмен қарап күлімсіреп отырамын. Ол тағы қозғайды. Сонан соң «не Қабыланым» деймін оған сүйсіне қарап. Оның маған қадалған отты көздері осы сәтте тентектік жасағандығы үшін ұялған жас баланың жанарындай тайқып кетеді. Ал кейде маған ұзақ қарап тұрады. «Жалықтың ба, ішің пысты ғой сенің, ә?»–деймін басымды изеп. Ол басын төмен салбыратады, не төңірегіндегі жайылып жүрген қойларға, не алыстағы мұнартқан Қаратауға қарайды. Ол мені орынсыз, себепсіз мазалағандығы үшін қысылатын секілді. Қабыланның осындай айрықша ерекшелігін мен әкеме талай таңданып айтып келдім. Менің айтқаныма илана қоймаған әкем бес-алты күннен кейін өзі де осындай уақиғаның куәсі болып, таңданғаннан сөйлеуге сөз таба алмай келді. Ал апам иттің мұндай қасиетін көпке дейін бір жамандыққа жорып, «астапыралла» деп үрейленумен болды. Бір күні Қабылан екеуміз қойға шығып, мен кітап оқып отырдым. Ол жалықты. Менің бәтеңкемнің тұмсығын өткір тісімен жайлап кеміре бастады. Мен аяғымды алып қашып әрі-бері қозғалтып қойдым. Бәтеңкемді тез қозғаған сайын Қабылан да қимылын тездетіп, екі қолымен мысық секілді шап-шап ұстап алады да, тісінің батып кететінін біліп ақырын ғана тістелейді. Мен аяғымды тоқтата қойдым. Қабылан қозғауымды күтіп үнсіз жатыр. Оның тілегін жуық арада орындай қоймадым. Сол сәтте ол қолын жай ғана көтеріп, бәтеңкемнің ұшын табанымен түртіп қойды. Мен жалт қарадым. Сол кезде оның жанарынан: «қозғасаңшы» деген жазуды анық оқыдым. Мен кітап оқуымды жалғастырып, аяғымды ары-бері тербетіп отыра бердім. Бұл ойын да оны жалықтырды. Аузын ашып есінеді де, иегін екі