ҚАБЫЛАН

қолына салып, үнсіз қалды. Қанша уақыт өткенін білмеймін, әлден соң Қабылан орнынан тұрды да, менің дәл жаныма кеп қабаттасып жатты. Одан жаңа қимыл, жаңа қасиет күтіп мен де ешнәрсе сезбеген боп отыра бердім. Бір кезде Қабылан қолын тіземе салды. Үндемедім. Екінші қолын қойды, сонда да аңғармаған болдым. Сонан соң ол менің осыншалықты енжарлығыма ызаланғандай екі қолын кітап бетіне салып, артынша оны басымен жапты да: «ал, енді қайтесің?» дегендей бетіме тура қарады. Оның көзінде күлкі жоқ еді. Мен кітапты былай ысырып қойып, Қабыланды құшақтай алдым. «Қабыланым, Қабыланым, ақылдым менің» дедім оны қыса түсіп. Сонан кейін ол көңілденді. Білегімнен жұп-жұмсақ қана тістелеп, менімен алысып ойнады. Оның жанары күлкіге тола еді. Екеуміз кәдімгідей-ақ ойнадық. Ол менің сабан шляпамды алып қашып анадайға апарып тастап, қайтып келеді. Әлден соң шауып барып қайта әкеледі; енді бірде сол шляпамның қасына шоқшиып отыра кетеді де, менің келуімді күтеді. Оның «көңілін қалдырмайыншы» деп солай қарай жүгіре жөнелемін. Ол алыса кетеді. Өстіп жүргенде оның тырнағы байқаусыз білегімді жырып кетті. Мен отыра қалып құлқайыр жапырағымен шып-шып шыққан қанды сүрттім. Қабылан қасыма жетіп келіп шоқиып отырды да үнсіз қалды. Дөрекілік, білместік жасап қойғандығын сезетін секілді. Мен қалтамдағы орамалдан жыртып алып, қан шыққан жерді таңдым да, Қабыланға қарап: «Міне, сенімен ойнасаң осы. Сен аңғалсың, тентексің сен!» дедім үніме ашу қосып. Осы кінәсін мойнына алғандай көңілсіз жанарын маған бір аударды да алыстағы буалдыр сағымға сүлесоқ қарап отыра берді. Білегімнен тамшылап аққан қан мен даусымның қатты шығуынан ол өрескел қателік жасап қойғанын анық сезген секілді. Осы сәтте Қабыланның дәл алдына үлкен бір көбелек кеп қонып, ебедейсіз қанаттарын ашып-жайып отыра берді. Көбелек ұстау – балаң Қабыланның сүйікті ойыны. Бірақ бұл жолы ол көбелекке қызыға қойған жоқ, тек көз қиығын тастады да қойды. Көбелек ұшатын емес, қайта сәлден соң көлбең етіп көтеріліп, Қабыланның дәл алдыңғы аяғына қонды. Қабылан оған сәл қарап отырды да, арс етіп екінші аяғымен салып қалып, онсыз да езіліп қалған байғұсты өткір тісімен шайнап тастады. Оның қатты ашуланып отырғанын сонда ғана байқадым. Он шақты күн өткен соң Қабыланмен уақытша ажырасуға тура келді. Он бір жылдан бері қой бағып келе жатқан, ит асырауда тәуір-ақ тәжірибесі бар әкем: «Қанша ақылды болғанмен ересек, өткір азу төбеттермен бірге жортпай жас күшіктің беті ашылмайды» деп Қабыланды Беріш деген таныс қойшысының үйіне апарып тастады. Ол қойшының екі алғыр төбеті болатын. Жыл сайын екеуі де қасқыр алады. Әкем Қабыланды да сол төбеттердей болсын деп ойлаған еді. Шынында, мен Қабыланға үйреніп-ақ қалыппын. Қой соңында жүргенде әлдекімнің орнын олқысынғандай, әлдекімді әні-міні келіп қалар

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15