дегендей алаң боп жүретін болдым. Итпен бірге, әсіресе, Қабылан сияқты итпен бірге қой бағу ешкімді де жалықтырмас еді. Қабылан өзіміздің жайлауға жаз ішінде қайта оралды. Итті сағыну деген, Алла сақтасын, біздің үйдің қанына сіңбеген нәрсе. Бірақ, бұл жолы оны әкем барып алып келгенде, далаға үй ішімізбен үдере шығып қарсы алдық. Қабылан нағыз төбет боп қалыпты. Біз алғашында оны танымай, танысақ та тез арада табыса алмай, суысыңқырап қалған көңілді тез жылытуға тырысып, Қабыланның нағыз арлан боп оралғанын айтысып, өзара күбір-күбір, едәуір тұрдық. Қабылан болса, адам танығысыз өзгерген. Осы екі айдың ішінде желкесі күдірейіп, бұрынғы ұяң жүні қайрат пен ашуға толып қылшықтана түскен. Дөңгелек көздері бұрыштанып, көз қарашығы жалынға айналыпты. Кеудесі аяққаптанып, аузы жайынның аузындай жайылып жатыр. Қабылан бойындағы барлық балалығын бізден жеті шақырым жердегі жайлауда қалдырып кеткен секілді. Алайда, мен үшін бұрынғы Қабылан, балаң Қабылан қымбат еді. Дегенмен амал жоқ, өзгеру, есею – өмірдің басты заңы. Жас сәбидің балғын шағы қызық-ақ. Есейген соңғы қызығы одан да көп. Сәби өзінің жүз жылдық ерекшелігі мен басты-басты қасиеттерін осы бесікте жатқан шағында алады, бәлкім, Қабылан да өзінің айрықша мінездерін қайратты бойының бір түкпірінде жасырын сақтап қалған шығар. –Досым, мына итің ит емес, арыстан болады. Екі айдың ішінде менің екі төбетім де бата алмайтын боп шықты ғой. Қасқырға қалай шабатынын көре алмадым әттең, қазір жайлауда қасқыр жоқ, қыста болады. Сондықтан қасқырға осы бастан өшіктіріп, үйіңде терісі болса сабан тық та, Қабыланға ауық-ауық талатып қой. Иісін сезе берсін,– деді әкемнің танысы екі-үш күннен соң үйге бір соққанында. Ал тамақ ішіліп, дастарқан жиылар шақта ол әкеме: «Қабыланды қаладым, не сұрасаң берейін. Ат керек пе, атан керек пе, тартынбаймын. Басына бас демей-ақ екі төбетімді қоса ұсындым. Менің бір тілегімді далаға тастамай қабыл алғайсың» дегенді айтты. Оның Қабылан туралы күні бойғы тоқсан ауыз сөзінің тоқ етері осыған кеп тірелерін әкем де, мен де сезіп отыр едік. Сондықтан оның бұл қалауын күтпеген жаңалыққа балап ешқайсымыз селт ете түскен жоқпыз. Мен көзімнің астымен әкеме қарадым. Ол кісі өзінің қызыл шырайлы жүзіне онан сайын көрік беріп тұратын шиыршық атқан қап-қара мұртын анда-санда бір ширатып қойып, төмен түскен көзін жоғары көтере алмай үнсіз отыр екен. Бұл үнсіздік көпке созылды. Әлден соң барып ол: –«Шын досыңның қимасын сұрама» деген емес пе, Беріш. Өзге нәрсемнің қайсысына қолқа салсаң да қой демес ем. Мына қалауың қиын тиіп отыр. «Достың көңілі бір атым насыбайдан қалады» дейді, бірақ, бір қалауымды жерге тастады деп сен де өкпелеме. Құдай о баста итті де адамның ырыс-құтымен бірге жаратқан деседі. Демек, оның