ҚАБЫЛАН

кеткен секілді. Қабылан үйге оралған соң көп уақытқа дейін көңілсіз жүрді. Қанша еркелетіп маңдайынан сипасаң да өзіңе самарқау көзбен бір қарап, «қойшы, мазамды алмашы» дегендей басын басқа жаққа бұрып әкететінді шығарды. Соған қарап, біз оны екі ай бойы бауыр басып үйренген жеріне кетіп қалар ма екен деп қорқып жүрдік. Және «көзі ашылсын» деп жас Қабыланды жат жерге жіберіп, туған есікке суытыңқырап алғаны үшін әкем де мейлінше опынумен болды. Қабылан кей түні үшті-күйлі жоқ боп кетеді. Сол кезде бәріміз сыртқа үнсіз құлақ түрумен боламыз. Бұрын, итсіз өткізген екі-үш айда ештеңеге көңіл бөлмей базардағыдай абыр-сабыр боп жатушы едік, қазір, Қабылан аз ғана уақытқа жоқ болса елегізитінді шығардық. Апам шелектің бауы сарт ете қалса да селт етіп, әкем «о не?!» дейтін болды. Өстіп отырған бір шақта Қабыланның құлаққа таныс қомақты, сонысымен сүйкімді, «әуп-әуп» деген даусы естіліп қалады. Біз алыс жолдан сағынып күткен адамымыз оралғандай қуанып, жадырап сала береміз. Салыныңқы қабаққа күлкі ойнап шыға келеді. «Көке, Қабылан келді!– деймін жатып қалған жерімнен атып тұрып. – Әне үріп жатыр». Осыны айта салып сыртқа жүгіремін. Есік ашылғанын көріп Қабылан да маған қарай асықпай аяңдайды. Қараңғы түнде оның болмысы ит емес, кенже туған тайыншаға көбірек ұқсар еді. «Қабылан, күшім, күшім» деп еркелетіп, оның қылшық жүнді мойнынан сипалаймын. Осы кезде әкем де шығып, ол да сипалайды. Қабыланның томаға-тұйық мінезі көпке созылмады. Бес-алты күннен соң байырғы иелерімен қайта табысып, балалық шағын байқатпай сыпырып алып қалған жайлауын да, ондағы уақытша иесі мен таныс иттерін де ұмыта берді. Бұл – бізді қуанта түсті. Алайда, Қабыланның бойынан шектен тыс салмақтылық, немқұрайдылық кетпей қойды. Оның үстіне, соңғы уақытта ол жаңа бір қасиет ашқан сияқты. Кейде күнұзақ менімен бірге қой соңында үнсіз жүреді де кенет әлдеқайда жүгіре жөнеледі. «Қабылан, Қабылан» деп үрейлене шақырғанымды естімейді де. Қабыланның дәл осылай оқыс жүгіріп кеткен бір сәтінде артынан мен де жеттім… Қабылан өзімен-өзі алысып, құлқайыр арасында аунап жатыр екен. Көз алдымдағы көріністің немен аяқталарын күтіп, мен сол орнымда таңданып ұзақ тұрдым. Ол кейде шалқасынан түсіп қимылсыз жатады да, кенет атып тұрып көкке атылады, артынша ұмар-жұмар боп бүрісіп, серіппелі сымдай арс етіп тағы шапшиды. Маңайындағы құлқайырлар борт-борт сынып жапырылып жатыр. Бір кезде ол бір түп қураған кеуректің түбінен әлденені тістеп алып, жұлқып-жұлқып лақтырып жіберді, ол сарт етіп дәл менің алдыма кеп түсті. Борсық! Ескі шүберектей борша-боршасы шыққан борсық! Қабылан ашуға сыймай арылдап кеп әлгі өлі денені аяғымен басып тұрды да тісімен жұлқа тартып қалды. Ол екі бөлініп түсті. Қайратты төбеттің айызы әлі де қанбаған секілді, тез бөліне салған өлі

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15