Қараспан төбенің батыс жағын жайлаған шағын ауыл, мақта терім бітіп, жерге алғаш қар түскенде барып уһ деп демдерін бірақ алады. Қызыл топырақтың астынан қос құлақ боп қылтиып көрінген қоза жарықтық бейнет атаулыны жер бетіне өзімен бірге түгел ала шығып, қыр басындағы ауыл адамдарына сонау ақырамашқа дейін ес жиғызбайды. Күн қақтап, шаң қапқан, жаманды-жақсылы бір істі атқарып салған соң алғаш қар түскенде қыр басындағы ауыл адамдары он шақты күн қатарынан қыбыр етпейді. Бастық бригадирді, бригадир колхозшыны іздемейді. Арада біраз күн өткеннен кейін шаң сорып жел қаққан қуыс құлақ күректі дуалға сүйей салып, үйдегі қайнап тұрған шайға да қарамай көптен хабарсыз кеткен қоңсысының үйіне барып, әуліден мойнын созып ішке қарайды. Осы кез әулі ішінде әйтеуір сол үйдің бір адамы жүреді, тым болмаса иті үреді. Ит үрді дегенше үйден бір адам атылып шықты дей бер. Әйелі шықса: «Әй, жаман байың үйде ме?», — дейді, баласы, не қызы шықса: «Жаман әкең қайда, шақыршы!», — дейді. Олармен амандасып жатпайды. Аузын жиып болғанша елеңдеп отырған үй иесі де шығады. «Әй, пәленшемісің? Иесін көрген соң есіріктене түскен төбетті «Жат, әтеңе нәлет» деп жәшік ұясына қуып тығып, «Ойбай-ау», кірсеңші. Әбдешім бригад құсап қораның сыртынан айғайлап тұрғаның қалай? Үй-ішің аман ба? Ой, аузыңды ұрайын!» — деп жалбақтап қуанып қалады. Сәлден соң үшеу болады, ширек сағат өткенде қаңғалақтап тағы біреуі келеді. Үй иесі: «Өй, кемпір, ет ас мына иттерге», — дейді. Сол сол-ақ екен, жыңғыл бұталып, мұржаның түтіні қою шыға бастайды. Жаңа ғана жайбарақат жатқан үй әп-сәтте әбігерге түсіп, ересектеу бір бала кітаптарын жинастырып магазинге тартады. Ән –»Маржан қыздан», әңгіме – бригадирден басталады. Ән байғұс бұдан әрі дамымай, әңгіме дүниенің төрт бұрышын түгел аралап кете барады. Отырыс тарағанша олар күшті де, ақылды да, жомарт та, озат та болады, серілік, байлық, білімдарлық та қашып құтылмайды, ең арысы — «сондағы ақымақтығым-ай» деп абайсызда ақымақ та болады. Сөз желісі дүниені шарлап, шығандап барып сылқ түсіп, осы ауылға қайта оралған бір сәтте лапылдаңқырап отырған біреуі: «Әтәсінә нәлет дүниенің, сыйластыққа ештеңе жетпейді, Сіз-біз десіп өткеннен артық не бар. Ертең біздің үйде болайық», — деп ерлік жасағандай пәркі дүние кейіппен аяғын көсіліп, кесені самауырға қарап шиырып жібереді. Томаға-тұйық ауыл осы кесенің шиырылуынан бастап аралас-құралас боп, оның арты тойға, той жанжалға, жанжал төбелеске, төбелес бітімге жалғасып, көк торғай келгенше өз қызығы өзінде у-шу боп жатады. Аз ғана уақытқа томсарып қалған ауылдың биылғы қарым-қатынасы жылдағыдан ерекше — бірден төбелестен басталды. Әрине, төбелес шықпай тұрып қаншаға созылса да әуелі дау шығу керек. Дау падашы Кемпірбай мен почташы Отардың арасында