Жоқ, — деді ол күмілжіп. — Ол жақсы адам… — Солай деңдер! Демек, ол саған менен гөрі жақын болған екен ғой. Ендеше, батырыңдар қараларыңды! Көрінбе көзіме! — Ол аюдай ақырып, жер тепкенде екеуі де есікке қарай жылыстай бастады. Табалдырықтан аттай бергенде Ботбайдың әмірлі дауысы қайта естілді. — Пістекүл! Тоқта! Тележкамен өзім апарамын, әзірге мынамен бірге өлсем де жібермеймін! Есік алдында аз-кем аялдады да, Сопытай шығып кетті. — Ей, түйетауыққа тиюші болма! — деді Ботбай оның соңынан айғайлап. Ертесіне кешқұрым Сопытай үйінде жападан-жалғыз шот қағып отырды. Есепшоттың әрбір тықылы, дәлірек айтқанда, сол есепшотты тықылдатып отырған өз саусақтары совхоздың бүкіл болашақ игілігін жасап отырғандай сезініп, сол сезінуден ол өзге дүниенің бәрін ұмытып кеткендей еді. Алдындағы жұмысқа қызу да алаңсыз беріліп кеткендігі соншалық, алакеуім шақта үйге еніп, өзіне бір бұрыштан қимылсыз қарап тұрған екі әйелді де байқамады. Арада бернеше сағат өткен соң Сопытай, Пістекүл және Қаршыға үшеуі шайды асықпай ішіп отырды. Сопытай үшін бұл екі әйелдің кештетіп жетіп келуі анау айтқан оқыс жаңалықтай көріне қоймады. Тіпті, ол бұлардың немен, қалай келгенін де сұрап жатуды ойлаған жоқ. Үй иесінің мұндай немқұрайдылығы әрқашан сауысқандай сақ әйел көңілінің ретін тауып, шешіле кетуіне жол бермеді. Сондықтан да Қаршыға бұл үйге неге келгенін, күйеуімен неге жүз шайысып қалғанын, жүз шайысуға себеп болған баяғы сол түйетауық екенін де айта алмады. Түйетауықты Пістекүлден беріп жіберейік деген Қаршығаның сөзіне Ботбай шалқасынан түскенін, екеуінің жанжалдасқанын, сол жанжал ақыры екеуін маршрутты автобустан бір-ақ шығарғаны жайлы да сөз қозғай алмады. Олар үнсіз ішілген көңілсіз шайды аяқтай бергенде даладан «Беларусьтің» дарылдағаны естілді. — Ботбай келді-ау деймін, — деді Пістекүл көңіл аударарлық бір нәрсенің табылғанына қуанып. — Келсе қайтемін, — деді Қаршыға терезеден теріс айналып. — Бәрібір онымен бірге кетпеймін. Үйге Ботбай кіріп келді. Ұстындай ұзын, тұтқыштай қара, апиыншыдай арық, үстінен солярка мен сүрлем иісі аңқыған баяғы жылқы тіс Ботбай. — Кеш жарық! — деді ол көңілді дауыспен. Әйелдер жағы жапырыла теріс айналып, Сопытай ғана қуаныш білдірді. — О-ау, ешкің арық! Төрлет, төрлет! Кештетіп қайдан жүрсің? Иә, үй-ішің аман ба? — Құдайға шүкір! Айтпақшы олар осында ғой. — Ә-ә, иә, иә. Осында. Бұлар да жаңа әзірде ғана келді. Шешін! Не жаңалық бар? — Ешқандай, — деді ол Сопытай қойған жұмсақ орындыққа отырып жатып. — Саған… төрт түйетауық әкелдім. Тележкада тұр. Пістекүл, барып түсіріп алшы. Әйтпесе, сайтан алғырлар бет-бетімен бытырап кетіп жүрер. Ал, бала, — деді ол қайтадан Сопытайға бұрылып. — Мен саған резеңке есепшот пен резеңке домино әкелдім. Кешеден бері бітіргенім сол болды. Сен ондай нәрсені