ЕСЕПШОТ, ТҮЙЕТАУЫҚ ЖӘНЕ ДОМИНО

түсіңде де көрген жоқсың. Өзім жасадым. «Беларусьтің» доңғалағынан! Столды таңның атысы, күннің батысы демей соға бер, бір де бір дыбыс естілмейді. Міне, көр! Ол әлдеқалай бір резеңке сандықшадан резеңке есепшотты алып оң жағына қойды да, резеңке домино «тастарын» дүрілдетіп стол үстіне төкті. Сопытай таңданғаннан бірнеше секундқа тілін жұтып қойды. — Мәс-саға-ан! — деді ол есін жиған соң. — Ғажап! Жарайсың, Ботбай! Құдай аман қойса қайнағамның қолынан бір күні резеңке ет жейтін шығармын! Ал ойнап жібереміз бе? Ботбай бір сөзге келместен резеңке доминоны араластыра бастады. Ойын басталып кетті. Ұмыт қалған әйелдер бір-бір күрсінді де, үй тіршілігіне кірісіп кетті. Біраздан соң Ботбай ұтыла бастады. — Вообще, резіңкенің аты резіңке, — деді ол өзімен-өзі айтысқандай басын шайқап. Енді бірнеше минуттан соң оған жеңіліс қаупі төне бастады. — Нәлет! Резеңкені айтам, — деді ол сол сәтте-ақ өз сөзіне түсінік беріп. — Резеңкенің бұл жерде кінәсі жоқ, — деп Сопытай да пікір білдіріп қойды. — Сонда кінә неде? — «Неде» емес, «кімде» деу керек. — Сен жұртқа ақыл айтпай ойна. — Мен ақыл айтқам жоқ. — Айттың! — Ботбай абайсызда столды соғып қалды. — Столды соқпай ойнаңыз, — деді Сопытай ақырын ескерту жасап. — Соқса қайтеді? — Болмайды. — Немене, сенің столың шиша ма еді? — Әрине, шиша емес. Ойнаған кезде ұтыла да білу керек дегенім ғой. Ал жүр. — Ей, сен неге дікеңдейсің? Немене, ылғи де сен ұта беруің керек пе? — Ұтсам, жақсы ойнайтын шығармын. –Не-ме-не? Мына сен бе жақсы ойнайтын?! Ал жүре ғой! Сопытай ойланбастан жүріп тастады. Пістекүл, түйетауықтарды түсірдің бе? — деді Сопытай жеңіп отырған адамның бейғам дауысымен. Берермін саған түйетауықты! — деді Ботбай кіжініп. — Қаршыға, түсірткізбе! Көрінгенге ұстата беретін түйетауығым жоқ. Өзің тез жинал, кетеміз. — Мен… мен… кетпеймін, — деді Қаршыға зорлана сыбырлап. — Өзің жүре бер… — Ей, бол тез! Әйтпесе, аяғыңнан ұстаймын да, тележкадағы түйетауықтардың арасына лақтырып жіберемін, білдің бе? Күйеуінің қаһарынан қаймыққан Қаршыға амалсыз жинала бастады. Кенет Ботбай домино тастарының екі жағына кезек-кезек ұзақ қарап отырды да, қуаныштан айғайлап жіберді. — Ал, бала, қане, жүріп көр! Сопытай стол үстіндегі жағдайдың үмітсіз екеніне көзі жетіп, сұрланып сала берді. — Рыба! — деді Ботбай үйді басына көтере қарқылдап. — Қаршыға, Пістекүл, шай қойсаңдаршы! Бұл үй дәм татыра ма, жоқ па! — І-і… Жүрмейміз бе? — деді Қаршыға жасқана тіл қатып. — Жоқ! Кейінірек. Түйетауықты түсіре беріңдер. Қалай, бала, тағы ойнап жібереміз бе? — Ол Сопытайға күлімсіреп қарады. Сопытай орындығын столға жақындатып, домино тастарын асығыс араластыра бастады.  

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12