Қатал бол. Өткен жолы ана падашы Жолымбеттің әйеліне сыйлық ақша жаздырған сен екенсің ғой. Онда нең бар еді, а? Ол сенің қай екі туып бір қалғаның еді. Сол-сол екен, ол төбемізді ойып шыға келді. Сол әйелдің мені қалай тәлкек еткенін білесің бе өткен жолы? Білмейсің әрине! «Желөкпе» деді. Ал құлағыңа құйып ал! Сопытай басын көтеріп, бір көзі шытынаған ескі көзілдірігін әйеліне қадады. — Желөкпе?! — Ол кенет қарқылдап күліп жіберді. — Желөкпе! Қызық екен… Е-хе-хе… Пістекүл демін ішіне тартып, сазарып отырып қалды. — Сен… сен неңе жетісіп күлесің? Сорлы-ау, сенде намыс деген бар ма? — деді орнынан тұрып, тұра оның бетіне үңіліп. — Сол, күлетін болған соң күлемін, — деді күйеуі жайбарақат. — Езсің! Намысың жоқ! Құдай-ай, енді не дерсің бұған! Сол қатынның мені қалай қорлағанын білесің бе? — Бір мың төрт жүз… Жоқ, білмеймін. — Осыдан үш күн бұрын, құдықтан су тартып жатқанымда… — Ол булығып, әрең сөйледі. — …тартып жатқанымда, о бәле есегін жетектеп келді де… арам қатқыр есегі шелегімді иіскеді. — Ештеңе емес. Шайып ала саласың ғой. Пістекүл есі ауысқан адамдай тар бөлменің ішінде теңселіп кетті. Енді ол өз-өзінен күбірлеп, аспанға қарап, екі қолын жайып, тәңірге жалбарынғандай түсініксіз бірдеңелердің басын шата бастады. Әу баста Сопытайдың осы момын мінезін ұнатып еді. Үстінен түйе жүріп өтсе де селт етпейтін жігіттің бар бітімі мен болмысы Пістекүлді қызықтырған да. Бертін келе, үйлі-баранды болған соң, жұртпен араласар кез туғанда шаңырақ иесінің қойдан жуас мінезі оны жалықтырып, бірте-бірте оның намысын оята бастады. Үй иесі момын болған соң, осы ауылдың итіне дейін бұлардың ауласына кіріп, шалдуар әйелдің ашу-ызасын келтірді. Өзге жұртқа бұлар сыйлаудан қалып бара жатқандай көрінді. Өзге әйелдердің, әсіресе, совхоз директорының, бас агрономның, бас зоотехниктің т.т. «бетке шығарлардың» әйелдерінің алдында үлкен беделге ие болып жүруіне күйеуінің ынжықтығы ғана кесір келтіретін сияқтанды. Ол үшін Сопытай бұдан гөрі қаталдау, қытымырлау, ашушаңдау болу керек. Пістекүл күйеуінің дауыс көтеріп біреу-міреуге ұрысқанын, зекігенін көргісі келді. Кім болса о болсын, — қарауылға ма, сауыншыға ма, ұсақ тиындарын қайтаруды ұмытып кеткен піркәншікке ме, әйтеуір біреуге ұрысса екен деп тіледі. Бірақ қас қылғандай Сопытай да өзгермей-ақ қойды. Қайта, күннен-күнге кейін кетіп бара жатқан секілді. Пістекүлді бұл намыс пен ашу-ызаның тұйығына тіреп, шайпаулығын өршіте түсті. «Шайып ала саласың», «Құдай-ау, әрине шайып ала аламын. Бірақ мұның түп-төркінінде аяққа тапталған намыс жатқанын ол неге байқамайды?» Кенет ол бөлменің қақ ортасына кеп, күйеуінен көз алмай қалшиып тұрып қалды. Сопытайдың жанары әлдеқандай белгісіз бір нүктені ішіп-жеп, ұшқын шашып, күлім қағып тұр екен. Еркектерде мұндай көзқарас Джорджононың