«Ұйқыдағы Венера» атты картинасын, немесе әйтеуір бір жалаңаш әйелдің денесін көргенде пайда болады. «Есі дұрыс па мынаның? Тағы не пәле ойлап отыр, — деп Пістекүл шошына бастады. — Бәлкім, ақылы кіре бастаған шығар». — Таптым! — деді Сопытай кенет айғай сап. — Таптым! — Оқыс дауыстан Пістекүл талып құлай жаздады. — Бәсе-е, сүрлем тасуға жұмсалған ақша есімнен шығып отыр екен ғой! Енді бәрі жөнге келді деген сөз. — Ол алақанын ысқылап, есепшотқа тың бір қажырмен кірісті. Күйеуінің тарапынан не материалдық, не рухани көмек болмаған соң, әйелі бөлме ортасында ұзақ тұрып, ешкімнің көмегінсіз өзі есін жиды да, сыбысын білдірмей сыртқа шығып кетті. Арада біраз күн өтіп, Пістекүлдің ашу-ызасы біршама ұмыт боп келе жатқан кез еді. Әдетте, бұрқ етпесе әйелдердің ашуы жазғы жаңбырдай өткінші келеді. Пістекүл де солардың қатарына жататын. Оның үстіне өткен жексенбіде Шымкенттен вокальды-инструментальды ансамбль кеп концерт қойып, бұл да директордың, бас агрономның, бас зоотехниктің әйелдерімен бірге бірінші қатарда қалып қойды. Концерттен шыққан соң, олар қатарласып жүріп отырып, қазіргі республикалық эстрадалық қозғалыс жайлы пікірлерін ортаға салды. Управлайштің әйелін есептемегенде олар төртеу еді. Пістекүл сол кезде шешіліп бір қоя берді дейсің. Ол халықаралық деңгейдегі белгілі боп келе жатқан «Бон и М», «АББА», «БАК — Қара» ансамбльдері жайлы сөз қозғап, бәрін өзінің аузына қаратты да қойды. Сол кезде физикадан сабақ беретін совхоз директорының әйелі ойламаған жерден Пістекүлді мақтап ала жөнелсін. «Қазіргі әйел — от басы, ошақ қасының адамы емес. Ол — адал жар, мейірімді ана, белсенді қоғам қайраткері. Сонымен бірге ол — қала мен ауыл мәдениетінің арасындағы алшақтықты жоюшы бірден-бір қозғаушы күш. Пістекүл — менің ұғымымда сол деңгейден табылатын бүгінгі заманға лайық әйел», — деді. Пістекүлдің кеудесін мақтаныш кернеп, аяғы жерге тимей кетті. Сол қуаныштың табы әлі басыла қоймаған бір кеште даладан Сопытайдың қарқ-қарқ күлген дауысы естілді. Күйеуі сирек күлетін, әсіресе, қарқылдап күлу оның табиғатында жоқ еді. Қамыр илеп жатқан Пістекүл еңсесін көтеріп, назарын сыртқа бағыштап тұрған сәтте ішке Сопытай да кіріп келді. Күлкісі әлі басылмапты. Екі иығы селк-селк етеді. — Ей, не болған, денің сау ма? — деді әйелінің көзі аларып. — Сау, денім сау, — деді Сопытай қолымен ішін басып. — Уһ, күлкіден ішегім үзіліп кетер ме екен! — Айтсаңшы, неге мәз боп келесің? — Міне, көр… Біз… өткен жолы… — Ол әйеліне бір парақ қағаз ұсынды. Пістекүл қолының қамырын да сүртпестен күйеуінен қағазды жұлып алды. Өлең екен. Бар-жоғы бір-ақ шумақ. «Әй, Пістекүл, Пістекүл. Сен қылатын іс пе бұл? Саған жақсы ат әпермес Ұрыс деген түспегір». Пістекүл жуған матадай боп-боз