тұрып қалды. Әлгі бір көтеріңкі көңілдің күлі көкке ұшты. Оған бәрінен батқаны— өлеңнің мазмұны емес, өлеңді көшіріп жазып алған күйеуінің өз қолы еді. — Мұны… қайдан алдың? — деді ол әрең тілге кеп. — Балалардан. Қалай тез жетіп қалған!.. — Не? — Өлеңді айтам. — Болды, доғар! — Ол ашуға сыймай столды қойып қалғанда бірте-бірте бәсеңсіп келе жатқан Сопытайдың күлкісі кілт тыйылды. — Өзім көшіріп алдым де! Неткен ұят, неткен масқара! Пістекүлдің көз алды бұлдырап, орындыққа барып отыра кетті де, еңіреп жылап жіберді. Қарсы бөлмеден жылаған баланың даусы естілді. Сопытай не болғанын түсінбей аңырап тұрып қалды. Түкке тұрмайтын өлеңге бола әйелінің ебіл-дебіл боп жылағаны несі? «Бас-аяғы жып-жинақы жақсы өлең. Күлуге болады. Ал ол…» Ол әйеліне жақындады. — Ей, баланы емізсеңші. Әйелі оның сөзін естімеді де. — Баланы еміз деймін! — Өзің, өзің еміз! — Мен?.. Қалай?.. Немді емізем? — Онда менің шаруам жоқ. Қалай емізсең солай еміз. Сопытай еңкейіп, оның бетіне үңілді. — Ей, денің дұрыс па? — деді ол сыбырлап. — Неге жылап отырсың? Балалар шуылдап айтып жүр екен, жазып алдым. Онда тұрған не бар. Бәрі күледі, ал сен жылайсың. Бола ма екен сол… — Баршы, баршы, шықшы үйден — деді әйелі жарыла жаздап. Баланың жылауы күшейе түсті. — Қазір, қазір, — деді Сопытай сасқалақтап. — Сүті қайда еді. Ә, міне таптым. Емізігі ше? — Ол жан-жағына көзбен шарлап тұрды да, «Желім» деген кішкене бөтелкенің аузына мұқият кигізіліп қойған емізікті жұлып алып, бала жылап жатқан бөлмеге қойып кетті. Балаға тамақ беріп тыныштандырған Сопытай әйелі отырған бөлмеге қайта келді. Әлі жылауын тоқтатпаған әйеліне жаны ашыды. Оның көңілін жұбатар, ашуын тарқатып, жанына медеу болар жылы-жылы сөздер айтқысы келді. Бірақ ондай сөздерді қайдан табары, таба қалса да қалай айтарын ойлап біраз басын қатырып тұрды ды, ақырын басып кеп, ертеңгі шай үстінде қалдырып кеткен есеп шотын алып, өз бөлмесіне білдірмей кіріп кетті. Келіп орындыққа отырды да, алдына цифр толы бір қағазды қойып алып, жайлап тастарды аудара бастады. «Жеті жүз сексен бір. Үш мың үш жүз отыз екі… Сегіз жүз тоқсан бір…» Пістекүлдің шыдамы шегіне жетіп, ол бөлмеге кіріп келді. —Байғұс есепші! — Ол Сопытайдың қолынан шотты жұлып алды. — Арсыз, намыссыз! Сопытай «тоқтай тұр» дегендей қолын көтере беріп еді, әйелі оны алақанымен қағып жіберді. — Осы мен саған кіммін, а? Мен сенің әйеліңмін бе, әлде күңіңмін бе? — Әйелімсің. — Сопытай бұл жолы өзіне төнген Пістекүлге көз тоқтатып қарады. — Бәрібір, мен кетемін. — Қайда? — Төркініме. — Неге? — Мен енді сенімен