тұрмаймын, білдің бе, тұрмаймын! Енді жетті ме жетеңе?! Құдай-ай, осының есепшоты қашан қурап қалар екен! Сопытайдың көзілдірік ар жағындағы жанары жалт ете қалды. Сонан соң орнынан жайлап көтерілді де: — Екінші қайтып мұндай сөзіңді естуші болмайын, — деді ежелей сөйлеп. — Ол — менің наным, кәсібім, оған тіл тигізуге ешкімнің қақысы жоқ. Сенің де! — Онда өзің біл. Мен кеттім. Қал есепшотыңды құшақтап. Ол бөлмеден атып шығып, есікті сарт жапты. — Пістекүл! — деді Сопытай оның соңынан айғайлап. — Ақымақ болма, қайт кейін. Ертең Арысқа жүрем. Көйлек… таза көйлек керек. Есеп беруге барам… — Барлық мәселе осымен шешілді деп ойлаған Сопытай жұмысына қайта кірісті. — Та-ак… Сегіз жүз тоқсан бір. Бес жүз алпыс екі… * * * Пістекүл сол күні кешке көрші совхозда тұратын ағасының үйінен бір-ақ шықты. Ағасы әлі жұмыстан келмеген екен. Жеңгесі Қаршығаға болған жайды түгел айтып берді. — Ім-м, солай де, — деді Қаршыға күрсініп. — Жақсы емес екен. — Солай. Одан арыға төзе алмадым. — Тентек болма, қайтып бар. Ұялсаң өзім-ақ апарып саламын. Бірің– әке, бірің – шеше болған кезде бұларың қалай? Құдай берген мінезі болса қайтесің, ар жағында жамандығы жоқ болса болды ғой. — Енді сендер де мені сыпайылап қуайын дедіңдер ме? — деді Пістекүл ашу шақыруға ыңғайланып. — Қит етсе төркінге қашу деген не ол? Масқара емес пе? Егер ағаңның қылығына орай тірлік етсем, әлдеқашан жесір боп отырар едім. Көп ұзамай ағаң келеді. Берер ақылым, — ол келмей тұрғанда көзіңді құрт. — Келсе келсін. Бәрін айтам. Қарындас намысы қымбат болмаса өзі білсін. Немесе анау ынжықты барып есепшотын қиратып, көзін ашып қайтсын. Әуелгіде қоңыр дауыспен басталған жай әңгіме бірте-бірте екпін алып қыза түсті де, аяғы өзінікін жөн деген қызыл өңеш дауға айналды. Бұл даудың аяғы немен бітетіні бір құдайға ғана аян боп өршіп-ақ келе жатыр еді, дәл осы кезде алдына арбасын сүйреткен «Беларусь» арылдап кеп тоқтай қалды да, құдыққа құлап кеткендей бірден өше қалды. — Қарны аш екен, — деді Қаршыға дауысын бірден өзгертіп. Сөйтті де, стол үстін қайта жабдықтауға кірісіп кетті. Сәлден соң ұстындай ұзын, тұтқыштай қара, апиыншыдай арық, көзі шөлдің құдығындай терең, екі құлағы сыпырадай қалқиған, жылқы тісті Ботбай кіріп келді. Ол кіріп келгенде солярка мен жүгері сабағының, күн мен сүрлемнің, тер мен шаңның — қысқасы, бүгін немен айналысса соның бәрінің исі үй ішін алып кетті. Ол қарындасын көрген бетте сойған түлкідей ыржиып күлді. — Өй, Пістеш! Алтыным, қайдан жүрсің! — деді оған қарай құшағын жая ұмтылып. Үйреншікті амандық-саулық сұраудың, жайраңдап еркелеудің орнына