бұл қарындасы жыларман халде бұрылып, мойнына кеп асыла кетті де, жас баладай солқылдап қоя берді. — Қыдырып кепті, қайдан келуші еді, — деді Қаршыға Пістекүл үшін жауап беріп. — Әнеукүні ғана келіп кетіп еді ғой, — деді Ботбай кеудесінде жатқан қарындасының шашынан сипап, — Әй, Пісте! — Ағасы оның жылап тұрғанын енді байқап, не істерін білмей табан асты абдырап қалды. — Неге жылап тұрсың, а? Қане, айтшы маған бәрін, кім де болса қабырғаларын қаусатып қапқа сап берейін. Қане, айта ғой, — Ағасының еркелете сөйлеген үнінен қарындасының ет жүрегі елжіреп, жылауы үдей түсті. — Мен… мен… енді ол жаққа бармаймын. Түкке түсіне алмаған Ботбай аңырып әйеліне қарады. — Иә, солай, — деді Қаршыға күрсініп, — сүйтеді. Бармайды. — Не дейді, не дейді! Қане, жөндеп айтшы. — Ботбай қарындасына орындық қойып, өзі оған қарама-қарсы орналасты. — Не, ол сені ұрды ма? — Жоқ… — Боқтады ма? Ол басын шайқады. Ботбай шарасыз адамның кейпімен иығын қозғады. — Ім-м… Ұрмаса, боқтамаса… — Есеп… — деп күбірледі! Пістекүл, — есепшот… — Есепшот?! — Иә… Былай… — Қарындасы күйеуінің шот қаққанын салып, қолын ары-бері қозғалтты. — Азаннан кешке дейін кештен таңға дейін. Тық-тық, тық-тық. Ботбай мен Қаршыға бір-біріне қарады. — Мейлі қаға берсін, — деді ағасы бірінші тілге келіп. — Онда сенің шаруаң қанша? — Миымды жеп бітті. — Ал сен басқа бөлмеге кір де, есігіңді тас қып жауып ал. Сонда түк те естімейсің. — Сопытайға ебін тауып резеңке есепшот жасап беру керек, содан дауасы жоқ, — деп Қаршыға бір бүйірден Америка аша қойды, Ботбай қуанғанннан айғайлап жіберді. — Идея! «Беларусьтің» ескі доңғалағынан мен оған қатырып тұрып есепшот жасап берейін! Жатсын шоттың дауысын өзі де ести алмай. — Жоқ, жоқ! — деп Пістекүл ызаға булықты. — Сендер түкті де түсінбей тұрсыңдар! — Не түсінбейтіні бар, — деді Ботбай қарындасына сұраулы пішінде қарап. — Байғұс, тіпті боқтамапты да, Қаршыға, «Беларусьті» от алдыршы. Тележкамен апарып тастайық. — Немене?! Тележка! Құдай-ау, неткен адамсыңдар бәрің, түйсік деген бола ма сендерде! Ол мені адам ғұрлы көрмейді. Мен үйде бармын ба, жоқпын ба оған бәрібір. Жұрт мен жайлы өлең шығарып, масқара ғып жатса да селт етпейді. — Өлең? — деді Ботбай таңданып. — Иә. Мазақ өлең! — Ім-м.., Өлең… өлең. Қызық екен, есіңде болса айтып көрші. Пістекүл ызаланып тұрып бір шумақ өлеңді тақылдатып оқып шықты. Ботбай мен Қаршыға от тиген дәрідей жарыла күлді. Пістекүл үрейленіп, екеуіне кезек-кезек қарады. — Тоқтатыңдар күлкіні! Кеңкелестер өңшең! Сендер күліңдер, мен жылайын! — Ол аяғымен жер тепті.